Түркістан облысындағы ауруханада үш айда 6 cәби қайтыс болды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
аурухана бала науқас жансақтау
фото: shutterstock

Түркістан облысындағы ауруханада үш ай ішінде алты сәби қайтыс болды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мекемеден заң бұзушылықтар анықтаған деп хабарлайды КТК арнасы.

«Екі жасар баламнан аяқ асты айырылып қалдым»

Балаларынан айырылған ата-аналар Сарыағаштағы аудандық аурухана алдына жиналған. Барлығы да балаларын осы ауруханаға емдетуге әкелген.

«Балам жарты кесе анар жеген еді. Осыдан кейін құса бастады. Бірден аудандық ауруханаға барып, асқазанын тексертіп, ине салдырайық деп ойладық. Балам үйден өз аяғымен шығып, киімін киіп, ойнап жүрген. Бірақ ауруханадан оның денесін алып шықтым», – дейді Әуезова Айнагүл.

Тағы бір тұрғын, Нұрбақыт Құрақбай, аяқ асты екі жасар баласынан айырылған. Сөзінше, баланың қызуы көтеріліп, ауруханаға келеді.

«Оны ешкім дұрыс қараған да жоқ. Сау баланы әкеліп, екі күннен соң денесін алып кеттім. Егер дұрыс қараса, аман қалар ма еді», – дейді әкесі. Бұл жағдайдан кейін ешкімнің жазаға тартылмағанын да айтады.

Тексеріс жүріп жатыр

Ауыл тұрғындарының шағымына жауап ретінде аурухана әкімшілігі жыл басынан бері 2,5 мың балаға медициналық көмек көрсетілгенін хабарлады. Бірақ 5 жасқа дейінгі алты науқастың қайтыс болғанын да растады.

«Бір тәулік ішінде үш бала көз жұмды. Олардың барлығы ауруханаға бірдей диагнозбен – құсу белгілерімен түскен. Әр жағдай бойынша талдау жүргізілді. Тиісті мамандар шара қолданды. Алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр», – дейді Сарыағаш орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Әбдіраманова.

Белгілі болғандай, ауруханада тексеру жұмыстары аяқталған. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің жергілікті департаменті өкілдері заң бұзушылықтарды анықтап, материалдарды полицияға өткізді. Бірақ нақты қандай кемшіліктер кеткенін ашып айтпады.

«Түскен шағым негізінде Сарыағаш көпбейінді орталық ауруханасында жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Комиссия құрамына тиісті сарапшылар тартылып, жұмыс қорытындысы бойынша қорытынды берілді. Құқықтық баға беру үшін материалдар Түркістан облыстық полиция департаменті мен Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жолданды. Балалардың өліміне қатысты сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Егер дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, бірқатар медицина қызметкері жауапқа тартылуы мүмкін», – деп атап өтті Айнұр Байзақова, ҚР ДСМ МФБК Түркістан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы.

Бір ай бұрын наурызда Атырауда нәресте аурухана табалдырығында шетінеп кеткенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз