Солтүстікте полиция тұрғындарды жасырған қаруларын тапсыруға шақырды

Полиция қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын тіркелмеген қаруды тапсыруға шақырады.
20 сәуірден бастап әрбір азамат қаруды заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен құтылады. Сонымен қатар ақшалай сыйақы да алады.
Үш қару өткізілген
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің ақпаратынша, өңірде қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ерікті түрде ақылы негізде тапсыру акциясы өтіп жатыр. Петропавл қаласында мүмкіндікті үш адам пайдаланған. Полицияға 12 калибрлі «Stoeger Model 2000», 28 калибрлі «ИЖ-ЗК» және 16 калибрлі «ТОЗ-Б» тегіс ұңғылы мылтықтар тапсырылды.
Қанша төленеді
Барлық өткізілген қару атуға жарамды. Төлем мөлшері санатына байланысты. Жаңа қару үшін – 129 750 теңге, бұрын қолданылғандары үшін – 90 829 теңге төленеді.
Полиция қаруды заңсыз сақтау қатер төндіріп, ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
«Сыйақы тек қосымша ынталандыру екенін түсіну маңызды. Ерікті түрде тапсыру – жауапкершіліктен құтылудың жалғыз жолы», – делінген полиция хабарламасында.
Айта кететін жайт, депутат Мұрат Әбенов Назарбаев университетіне тиесілі пәтерде шетел азаматтары ұсталғаны туралы айтқан. Оның сөзіне қарағанда, олардың қарулары болған. Бірақ полиция мұны жоққа шығарып отыр. Сарапшылар шетелдіктердің жәшігінде тарихи және мәдени құндылығы бар актиквар қарулар екенін анықтаған. Олар қазіргі заманғы ұрыс қаруына жатпайды.