Қазақстанда 50 ЖИ-агент пен 20 цифрлық трансформация картасы іске қосылды

Қазақстанда 50-ден астам ЖИ агенті әзірленіп жатыр. Олар түрлі салаларда халыққа және бизнеске қызмет көрсететін болады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
«Жалпы, мемлекеттік органдар әртүрлі салалар бойынша азаматтар үшін 50-ден астам AI-агентті қалыптастыруда. Олар халықтың өмір сүру сапасын және бизнеспен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыратын болады. Қазірдің өзінде осы шешімдерге практикалық сұраныс бар«, – деді министр үкімет жиынында.
Сондай ақ, мемлекеттік органдармен бірлесіп Цифрлық трансформация карталары енгізілуде. Бүгінгі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілген. Олардың қатарына өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, білім беру, денсаулық сақтау және өзге де бағыттар кіреді.
Әр картада алдымен қай жерде цифрлық мәселелер бар екені көрсетіледі. Одан кейін оларды жасанды интеллект арқылы қалай шешетіні жоспарланады. Сонымен қатар 2027 жылға дейін қандай нәтижеге жету керек екені белгіленеді. Бұл өзгерістердің елге, экономикаға қандай пайда әкелетіні есептеледі.
Сонымен қатар процестерді жобалауда жасанды интеллектіні басым қолдануға негізделген AI-First қағидаты енгізілген. Бұл бірыңғай архитектуралық тәсіл «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында ашық түрде қолжетімді.
Министрдің айтуынша, барлық орталық мемлекеттік органдар бекітілген карталарды орындауға міндетті.
Еске салайық, Freedom экожүйесінің пайдаланушылары үшін сервистерді қолдануды жеңілдететін ЖИ агент іске қосылады. Тұтынушылар Freedom AI сервисін 2026 жылдың екінші жартысында пайдалана алады.