Түркия өткізбеді: Израиль президенті Қазақстанға сегіз сағат кешігіп келді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Израиль президенті Ицхак Герцог
Израиль президенті Қазақстанда жүр / фото: Isaac Herzog/Х

Израиль президенті Ицхак Герцог мінген ұшақ Қазақстанға жету үшін сегіз сағатқа ұзақ балама жолды таңдауға мәжбүр болған. Өйткені ол Түркия әуе кеңістігіне кіре алмаған. Бұл туралы Израиль және Түркия басылымдары жазды.

Maariv израиль ақпарат құралының хабарлауынша, ұшақ Түркияны айналып өтіп, Еуропа және Ресей арқылы ұшқан. Maariv басылымы балама бағыттың таңдалуын түрік президенті Режеп Ердоғанның әрекетінен көрген.

«Бұл сапар Қазақстанның ресми түрде Авраам келісіміне қосылғаннан шамамен бес айдан кейін ұйымдастырылып отыр», – деп жазды Maariv.

Израиль президенті мінген ұшақ қазақстанға қай жолмен келді
Израиль президенті мінген ұшақ балама бағытты таңдады / фото: x.com

Айта кетейік, Maariv басылымы «Ердоғанның кесірі» деген сөз тіркесін мақала тақырыбына шығарған.

Ицхак Герцог Қазақстанға 27 сәуірде түстен кейін жетті. Израиль президенті кешке қарай Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

Қазақстан билігінің ресми мәліметтерінде мәртебелі мейманның кешігу себебі туралы ештеңе айтылмады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2025 жылғы қарашада Авраам немесе Ибраһим келісіміне қосылды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі мұндай қадамды «Қазақстан мүддесі үшін» деп түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз