Мәсімовтің халықаралық іздеудегі экс-күйеу баласы Қырғызстан азаматтығын алған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қапенов Қырғызстанда жүр / Фото: бейнежазбадан скрин бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазтеміртранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті, іздеу жарияланған Азамат Қапенов күтпеген жерден байланысқа шықты. Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде танымал бизнесмен өзінің Мәскеу немесе Дубайда емес, іргедегі Бішкек қаласында жүргенін мәлімдеді. Ол Elmedia редакциясына жолдаған бейнежазбасында Қырғызстан азаматының төлқұжатын көрсетеді.

Қапенов қашып жүр ме?

Азамат Қапеновтің айтуынша, әділ соттан әдейі қашып жүрген жоқ. Ол 2018-2019 жылдардан бері Қазақстан аумағында тұрақты тұрмағанын алға тартады.

Өзіне халықаралық іздеу жарияланғаны туралы хабарды Біріккен Араб Әмірліктерінде жүргенде мәскеулік адвокаттарынан естіген.

Бизнесмен Дубай секілді қалаларда үнсіз қалуының себебін қауіпсіздік мәселесімен түсіндіреді. Оның пайымдауынша, БАӘ іздеудегі тұлғаларды екіжақты келісім негізінде өте жылдам экстрадициялайды.

«Олар кез келген уақытта ұшаққа отырғызып, жібере салады. Бұл Еуропа емес, Еуропа әлдеқайда сенімді», – дейді Кәпенов.

Сондықтан ол «қауіпті аймақтан» кетіп, өзі үшін сенімдірек көрінген бағытты таңдаған.

5,2 миллиард теңге шығын және «Достық» бекетіндегі актив

Ресми айыптау мәліметіне сүйенсек, Азамат Қапенов жүк вагондарын басқару кезінде өзіне қатысы бар компанияларға заңсыз жеңілдік жасаған. Соның салдарынан «Қазтеміртранс» мемлекеттік компаниясына 5,2 млрд теңге көлемінде залал келген.

Қазір Астана соты Қапеновті сырттай тұтқындау туралы шешім шығарды. Сонымен қатар оның ең ірі активі – «Достық» станциясындағы алып логистикалық хаб тәркіленіп, мемлекет меншігіне өтті.

Қырғыз паспортын қашан алған

Қапенов бейнежазбасында Қырғызстан азаматының төлқұжатын көрсетіп, қазір Бішкек төрінде екенін растайды.

Алайда оның көршілес елдің құжатын қандай жолмен алғаны және «Достық» бекетіндегі терминалдың тәркіленуіне қатысты шын мәнінде не болғаны әлі жұмбақ.

Бизнесмен бұл жайттардың астары тереңде жатқанын ишара етті.

«Бұл – үлкен тарих, бұл істе өте ықпалды тұлғалардың есімі бар. Сондықтан бәрін жан-жақты салмақтап барып айту керек», – деді берді ол.

Қапеновке іздеу 2024 жылы жарияланған. Ал жақында Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз