Абай шахтасында үйінді астында қалған жұмысшының жағдайы қандай

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
«Қазақмыс» шахтасында жұмысшы қаза тапты
Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Абай облысы Бородулиха ауданындағы шахтада болған апат кезінде үйінді астында қалған кеншінің жағдайы әлі де ауыр. Дәрігер консилиум жасауды жоспарлап отыр деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Мамандардың диагнозы бойынша, шахтер бірнеше жерден ауыр жарақат алған. Бет, мойын, кеуде, бел және жамбас тұсына қатты соққы тиген, бірақ сүйектері бүтін. Миы шайқалып, бас сүйек ми жарақаты тіркелді. Екінші дәрежелі травматикалық шок алған.

Кеншінің айтуынша, шахтада апат болғанда, құлаған тастардың арасында қалып, сол жерде төрт сағат жатқан. Оны шығарып алған бетте Бородулих аудандық ауруханасына апарып тексерістен өткізген, қан құйып, рентген жасалған. Кейінірек жағдайы тым ауыр болғандықтан, жансақтау бөліміне ауыстырылды.

Қазіргі басты мәселе – бүйрек жұмысын қалпына келтіріп, ішкі мүшелерінің қансырауын тоқтату. Сондықтан дәрігерлер консилиум жасап, ары қарай ота жасау немесе басқаша ем жүргізу деген мәселені шешпек.

Еске салайық, 27 сәуірде «Шығыстүстімет» ЖШС-не қарасты Орлов шахтасында тау жынысы опырылды. Үйінді астында екі жұмысшы қалып қойды. Бірі сол жерде қайтыс болып, екіншісін құтқарып үлгерді. Шахта KAZ Minerals тобына тиесілі. Қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз