Трамп Назарбаевты жолда қалдырды

АҚШ-та ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай қазіргі президент Дональд Трамптың портреті бейнеленген төлқұжат сериясы шығарылады.
DW ақпаратына қарағанда, бұл туралы Мемлекеттік департамент 28 сәуірде жария еткен. Жаңа құжаттар алдымен Вашингтонда беріледі. Мұндай құжаттың қанша дана шығарылатыны әзірге белгісіз.
Трамп және тәуелсіздік
Жарияланған паспорт үлгісіне сәйкес, мұқабаның ішкі бетінде Трамптың бейнесі мен оның алтын әріптермен жазылған қолтаңбасы орналастырылады. Мұқабаның екінші бетінде америкалық суретші Джон Трамбуллдың «Тәуелсіздік декларациясы» картинасының бір бөлігі бейнеленеді.
Стандартты дизайнда АҚШ паспорты мұқабасының ішкі жағына басқа америкалық суретші Эдвард Перси Моранның картинасы орналастырылады.
165 жылдық дәстүрді бұзған қолтаңба
26 наурызда ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай шығарылатын жүз долларлық банкноттарда қазіргі президенттің қолтаңбасы пайда болатыны белгілі болды. Ақ үй басшысының қолтаңбасы соңғы 165 жылда алғаш рет купюраларда қазынашының қолтаңбасын алмастырмақ.

Трамп бейнесі бар алтын монета
АҚШ-тың Бейнелеу өнері жөніндегі комиссиясы тәуелсіздік мерейтойына орай үстелдің артында жұдырығын түйіп тұрған қазіргі президент бейнеленген және «Бостандық» (Liberty) деген жазуы бар 24 караттық алтын монетаны шығаруды мақұлдады.
2025 жылдың қазан айында Трамп әкімшілігі бұл комиссияның барлық мүшелерін қызметтен босатып, олардың орнына Ақ үй басшысына адал адамдарды тағайындаған.
Трамп атымен аталатын орталықтар
Бұған дейін Мемлекеттік департамент АҚШ Бейбітшілік институтына Трамптың есімін берген. Ал Вашингтондағы Джон Ф. Кеннеди атындағы Орындаушылық өнер мемориалдық орталығы «Дональд Дж. Трамп пен Джон Ф. Кеннеди атындағы Орындаушылық өнер мемориалдық орталығы» деп қайта аталды.
Әскери кеме атауы
Ақ үй басшысы сондай-ақ АҚШ Әскери-теңіз күштері үшін ең жаңа жабдықтармен жарақталған «Трамп» атты жаңа кластағы екі әскери кеме салу жоспарларын жариялаған.
Сонымен қатар АҚШ-тың Флорида штатындағы Trump National Doral гольф-клубта Дональд Трамптың алтыннын құйылған мүсіні орнатылды.
«Иса пайғамбар«
Трамп өзін» Иса пайғамбар» ретінде бейнелейтін сурет жариялады. Онда «пайғамбар» Трамптың алақандарынан жарық нұры шашылып, аурухана төсегінде жатқан адамға қолын тигізіп, ғайыптың күшімен емдеп жатыр. Бұл суретті ол Рим Папасы Лев XIV-дің Таяу Шығыстағы соғысты айыптаған сынына жауап ретінде жария еткен еді.
Назарбаев мұрасы
Трамп бұл әрекеттерімен Қазақстанның бірінші президентін жолда қалдырған тәрізді. Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған кезде оның ескерткіштері жасалып, алаңдарға, университеттердің алдына қойыла бастады. Әнұранның авторлығына да қосылды. Көзі тірісінде оқу орындарына, әуежай мен алаңдарға, көшелерге есімі берілді. Тіпті, қысқа уақыт елдің астанасы – Нұр-Сұлтан деп аталды.