Елде дәрі-дәрмек бағасы қымбаттап барады

2026 жылдың наурызында Қазақстанда инфляция қарқыны баяулай түсті. Алайда бұл тауарлардың барлық санатын қамтыған жоқ. Соңғы айларда жалпы баға өсімі бәсеңдегенімен, фармацевтикалық өнімдердің қымбаттағаны байқалып отыр.
Ranking.kz мәліметіне сәйкес, наурыз қорытындысы бойынша, дәрі-дәрмек бағасы жылдық көрсеткіште 15,9%-ға өсті. Бұл елдегі жалпы инфляция деңгейінен (11%) 4,9 пайыздық тармаққа жоғары. Қазіргі динамика 2017 жылдың басынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Осылайша, соңғы 9-10 жыл ішіндегі фармацевтикалық өнімдер бағасының шарықтау шегі тіркеліп отыр.
Айта кетерлігі, дәрі-дәрмек бағасының айтарлықтай өсуі жылдың басынан-ақ байқалған. Ақпан айының соңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ресми баспасөз баянында «дәрі бағасы мемлекеттік реттеу аясында төмендеп жатыр, ал препараттардың жаппай қымбаттауы туралы ақпарат мониторинг деректерімен расталмайды» деп мәлімдеген еді.
Алайда ресми статистика мүлдем басқа жағдайды көрсетіп отыр. Дәрі-дәрмек бағасы өсуін тоқтатар емес, керісінше, басқа тауарлар мен қызмет түрлерін басып озып, соңғы жылдардағы рекордтық қарқынмен қымбаттап жатыр. Салыстырмалы түрде алар болсақ, 2026 жылдың наурызында азық-түлік тауарлары орта есеппен 11,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар 11,3%-ға, ал ақылы қызметтер 10%-ға қымбаттады.
2026 жылдың наурызында фармацевтика өнімдерінің қатты қымбаттауы Шымкент қаласында тіркелді. Мұнда баға бір жылда 25%-ға өскен. Одан кейін Батыс Қазақстан облысында 22,4%-ға және Ақмола облысында 22,1%-ға қымбаттаған.
Сонымен қатар, бұл сектордағы ең төменгі қымбаттау көрсеткіші Павлодар (5,5%-ға), Маңғыстау (7,3%-ға) және Қостанай (8,4%-ға) облыстарында байқалды.
Айта кетейік, бұған дейін емханалар тегін берілуге тиіс 4 114 препаратты науқастарға сатқан. Бұл дәрілер іс жүзінде науқастарға тегін медициналық көмек (ТМККК) аясында үлестірілуі керек еді.