Қазақстан ОPEC+ келісімінен шығуы мүмкін бе: министрлік мәлімдеме жасады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

Араб әмірліктері ОPEC және ОPEC+ келісімінен шығатынын мәлімдегеннен кейін, өзге елдер де ұйымнан шығуы мүмкін бе деген мәселе күн тәртібіне шықты. Kursiv.Media осыған қатысты Энергетика министрлігіне сауал жолдаған еді.

Қазақстан ОPEC+ келісімінен шығуы мүмкін бе?

Отандық сарапшылар қазір Қазақстанға келісімнен шығатын ең сәтті уақыт деп есептейді.

«Теңіз кен орнында өндіріс көлемі артып жатқанын ескерсек, бәлкім, Қазақстанға да бұл келісімнен шығатын уақыт келген шығар? Өйткені республика ай сайын белгіленген квотадан асып кетіп, ОPEC+ серіктестерінің алдында ақталуға мәжбүр болып жүр емес пе», – деп жазады «Нефть и газ Казахстана» каналының авторы.

Ал ресейлік «Коммерсанть» басылымы да енді Ирак пен Қазақстан ОПЕК+ келісімінен шығу туралы мәселе көтеруі мүмкін дегенді айтады. Оған екі елдің мұнай өндіру жоспарымен ОПЕК саясаты арасындағы қарама-қайшылық бар екені себеп болмақ. Сондай-ақ АҚШ-пен қарым-қатынасы шиеленіскен Венесуэла мен Иран да ұйымнан шығуға үміткерлер тізімінде тұр. Дегенмен Тегерандағы ресми дереккөздерге сүйенген Reuters Иранның әзірге ОPEC-тен де, ОPEC+ келісімінен де шықпайтынын мәлімдеді.

Дегенмен Қазақстанның Энергетика министрлігі ОPEC+ келісімінде қала беретінін мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда еліміздің альянсқа қатысу форматын өзгерту мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ», – деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.

ОПЕК және ОПЕК+ келісіміне Қазақстан қашан қосылды?

ОPEC – мұнай өндіретін ірі мемлекеттердің халықаралық ұйымы. Әлемдік мұнай нарығына ықпал ететін негізгі ойыншылар деуге болады. Құрамына 12 ел мүше. Қазақстан бұл ұйымға кірмейді, бірақ ОPEC+ келісіміне қатысы бар. Оған 2016 жылы қосылған.

ОPEC+ келісімі – бұл OPEC елдері мен оларға кірмейтін, бірақ мұнай өндіретін басқа мемлекеттер арасындағы мәміле. Ол келісімге кіретін елдер өзіне берілген квотаға сай мұнай өндіруі керек, кейде өндірісті қысқартуға да міндеттеледі.

Бірақ бұған дейін Қазақстан дүркін-дүркін мұнай өндірісін квотадан асырып жіберді, ал өзіне қатысты міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазақстан ОPEC+ келісімі алдындағы квотадан артық мұнай өндіргені жайлы ай сайын ұйым есебінде жазылады. Былтыр көктемде OPEC+ мұнай өндіру квотасын сақтауды Қазақстанға бірнеше рет ескертті

Еске салайық, 28 сәуірде Араб әмірліктері ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығатынын мәлімдеді. Ел үкіметі бұл шешімін ұлттық мүдделерді қорғау және нарықтағы мұнай ұсынысын арттыруға деген ұмтылыспен түсіндірді

Араб әмірліктерінен кейін өзге ешқандай ел халықаралық ұйым қатарынан шығатыны жайлы хабарлаған жоқ. Кей сарапшылардың сөзінше, тіпті сондай ойы болса да, әзірге ондай қадамға бара қоймайды. Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты мұнай өндіруші, экспорттаушы елдерге қара алтын бағасын жоғары ұстап тұрған маңызды болып тұр.

Сондай-ақ оқыңыз