Қазақстанда жеңілдікпен берілетін баспана кезегіне тұру қиындайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы жастар тұрғын үй бағдарламасы баспана
Жеңілдікпен берілетін баспана кезегіне тұру қиындайды / фото: shutterstock

Қазақстанда қолданылып жүрген заңнамада жеңілдікпен берілетін баспана кезегіне тұру үшін сол елдімекенде кемі үш жыл тіркеуде болу керек. Алматы әкімдігі оны 10 жылға дейін созуды ұсынған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі баспана кезегіне тұру шарттары өзгергелі жатқанын LS басылымына хабарлады. Атап айтқанда, Алматы қаласының әкімдігі жеңілдікпен пәтер алғысы келетіндерді үй кезегіне қою үшін кем дегенде 10 жыл тіркеуде болуды талап еткісі келеді.

Дархан Сатыбалды басқаратын әкімдік ұсынысы мақұлданған жағдайда, үй кезегіне тұру әлдеқайда қиындар еді. Алайда министрлік мұндай ұсынысты орынсыз деп тапты.

«Тұрғылықты жері бойынша міндетті тіркеу мерзімін үш жылдан 10 жылға дейін ұзарту орынсыз. Өйткені ол мемлекеттің азаматтарды қолдау шараларын шектеуі мүмкін», – деп жауап берген министрлік басылым сауалына.

Дегенмен үкімет тіркеуде тұру мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғаны мәлім болды. Мұндай бастаманы Еңбек министрлігі көтерген.

«Азамат меншігінде тұрғын үй болмау мерзімін бес жылдан 10 жылға дейін ұзарту ұсынысы да қолдау таппады. Өйткені мұндай жағдайда баспанаға мұқтаж азаматтар қолдаудан қағылады. Қазіргі бес жылдық мерзім жеткілікті», – деп мәлімдеді құрылыс министрлігі.

Бұған қоса, толық емес отбасыларға жеңілдік шарттарын өзгерту ұсынысы да қолдау таппаған. Атап айтқанда, ажырасқаннан кейін бес жылдық мерзім енгізу де орынсыз деп танылған.

Осының алдында Kursiv.Media «Наурыз» бағдарламасы тұйыққа тірелгені, жолдама алғандар пәтер таппай сабылып жүргені туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз