«Конвертпен» жалақы берген бухгалтерлер жауапқа тартылады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
В Казахстане стартует акция «Народный бухгалтер
Фото: Shutterstock

Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков енді заңсыз жалақы төлеуге қатаң бақылау жүргізілетінін айтты. Оның айтуынша, бұдан былай «конверттегі жалақы» үшін бухгалтерлер жауапқа тартылады.

«Бұрын қызметкер жалақысын конвертпен алып, мысалы, алиментті аз төлеу үшін өзін 70 мың теңге алады деп көрсете алатын. Енді жасанды интеллект бізге мұндай жағдайларды анықтауға көмектеседі. Мәселен, Астанада инженер жұмыс істейді делік. Ол қалайша 200 мың теңгеден аз жалақы алуы мүмкін? Демек, оның қалған табысы конверт арқылы төленуі ықтимал. Біз Қаржы министрлігімен бірлесіп бухгалтерлерге арналған push-хабарламалар дайындадық. Сол арқылы қызметкеріңіздің білімі мен біліктілігіне қарамастан тым төмен жалақы алып отырғанын ескертіп отырамыз», – деді Молдабеков.

Вице-министрдің сөзінше, ешбір бухгалтер өзіне салықтық тексеріс келгенін қаламайды.

«Сондықтан бухгалтерлерге немесе директорларға қызметкерге жалақыны толық көлемде төлеген тиімдірек болады, ал алимент мәселесін ол өзі шешсін. Яғни біздің мақсатымыз – алименттің нақты сомамен төленуін қамтамасыз ету, балалардың тиесілі қаражатты толық алуына жағдай жасау», – деп қосты вице-министр.

Еске салайық, осыған дейін Ақтау қаласында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты. Қаржы қылмысымен 146 млн теңге ұрлаған бухгалтер бес жылға сотталды.

Сондай-ақ оқыңыз