Ақтөбе облысы аумағына дрон құлады

29 сәуірде таңертең сағат 8:30 шамасында Ақтөбе облысы аумағына дрон құлады. Мәліметті Kursiv.Media-ға өңірдің төтенше жағдайлар басқармасы растады.
Мәліметтерге қарағанда, қашықтан басқарылатын ұшу аппараты облыстың Қарғалы ауданы аумағына құлаған. Дрон түскен жер өртенген.
«Дрон құлағаны рас. Оның кімдікі, қайдан келгенін құзырлы мекемелер анықтай жатар. Құтқарушылар сол жерге барып, өртті сөндірді. 500 шаршы метр жер өртенген», – деді Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Евгений Овчарский Kursiv.Media басылымына.
Осы өңірдің полиция департаменті облыс аумағына дрон құлағаны туралы шағын мәлімет таратты.
«Ақтөбе облысының полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесіп, Қарғалы ауданында ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтарына ұқсас заттардың табылу дерегі бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деп хабарлады жергілікті полиция.
Құзырлы мекеме мәліметінше, дрон елдімекеннен тыс аумаққа түскен. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ұшу аппараты Әлімбетов ауылына жақын маңда құлаған. Елдімекен Ресейдің Орск қаласынан шамамен 35 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті тұрғындар ауыр заттың аспаннан жерге құлаған дыбысын естіген.
Естеріңізге сала кетейік, сәрсенбі күні таңертең көрші елдің Орынбор облысы Орск қаласындағы ірі мұнай өңдеу зауытын дрондар атқылаған. Өңірде әуе қозғалысы тоқтап, зымыранға қарсы жүйе қосылған.
Айта кетейік, кейінгі бірнеше жылда Қазақстанның батыс өңірлеріне дрондар жиі құлап жүр. Ұшқышсыз ұшу аппараттары негізінен Батыс Қазақстан және Атырау облыстары аумағына түседі.
Бір апта бұрын Қазақстан үкіметі ел аумағына құлаған дрондарға қатысты қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды. Былтырдан бері республикаға он шақты ұшқышсыз ұшу аппараты құлаған.