Алимент төлейтін қызметкерлерінің табысын жасырған бухгалтерлерге ескерту келеді

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Алимент төлеушілерге жалақыны «конвертпен» беретін компанияларға push-хабарламалар келе бастайды
Фото: kursiv.media архиві

Мәжіліс отырысында Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков алимент төлеуден қашатын жосықсыз азаматтарға тексеріс қатаңдайтынын айтты.

Оның айтуынша, қазіргі таңда кейбір қызметкерлер алиментті аз төлеу үшін ресми жалақысын әдейі төмендетіп көрсетеді. Мысалы, табысын 70 мың теңге деп белгілеп, қалған соманы қолма-қол алады. Болашақта мұндай жағдайды болдыртпау үшін енді компаниялардың есепшілеріне push-хабарламалар жолдана бастайды.

Push-хабарлама деген не және олар қалай жұмыс істейді?

Әділет министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, есепшілерге арналған хабарламалар жүйесін әзірледі. Егер қызметкердің еңбекақысы оның мамандығы мен біліктілігіне сай келмейтіндей тым төмен болса, компанияға ескерту жіберіледі.

«Мәселен, Астанада жұмыс істейтін инженер қалайша 200 мың теңгеден аз алуы мүмкін? Демек, ол қалған ақшаны «конвертпен» алып жүр деген сөз. Біз бухгалтерлерге: «Сіздің қызметкеріңіз дипломы мен біліктілігіне қарамастан өте аз жалақы алады, сіздер оған қосымша ақшаны жасырын беріп отырсыздар» деген мазмұнда push-хабарламалар жолдаймыз. Бірде-бір бухгалтер өзіне салық комитетінен тексеріс келгенін қаламайды», – дейді ол.

Бұл шара жұмыс берушілерді тексерістен жалтару үшін нақты жалақыны көрсетуге итермелеуі мүмкін. Осылайша, алимент табыстың толық сомасынан есептеліп, балаларға көбірек қаражат бөлінетін болады.

Бухгалтерия тарапынан кемінде 1 еленбей қалған хабарлама болса, сол компанияға қатысты тексеріс басталып кетеді.

«Бір хабарлама еленбесе, келесі жолы бірден тексеріспен барамыз», –  дейді ол.

Сонымен қатар, Бекболат Молдабеков заңсыз жалақы төлеуге қатаң бақылау жүргізілетінін айтты. Оның айтуынша, бұдан былай «конверттегі жалақы» үшін бухгалтерлер жауапқа тартылады.

Сондай-ақ оқыңыз