Сотталған Балушкиннің зауыты мемлекет қарамағына өтті

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Сотталған Балушкиннің «Азия Авто» зауыты сатылымға шығарылды / Фото: Ирина Осипова

Сотталған бизнесмен Анатолий Балушкинге тиесілі болған, құрылысы бітпеген «Азия Авто Қазақстан» авто зауыты Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне сатылды. Бұл туралы Forbes Kazakhstan редакциясына ШҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті хабарлаған.

2026 жылғы 7 сәуірде тіркелген хаттамаға сәйкес ШҚО әкімдігі жеңімпаз деп танылған.

«Мүлік жоғарыда көрсетілген бағалау құнымен (23 267 885 900 теңге) берілді», – деп нақтылады ведомстводан.

Зауыттың өзі сол күні сатылымға шығарылған. Бірақ нақты кімге берілгені хабарланбаған еді. Кешеннің бастапқы бағасы 0 теңге деп көрсетілді. Бастапқы шарт бойынша, зауытты тек мемлекеттік ұйымдар немесе әлеуметтік сала мекемелері ғана ала алатын еді. 

«ФениксКоммерц» бағалау компаниясының есебінше, «Азия Авто» зауытының нақты құны 23 млрд теңге деп бағаланған. Нысан Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында орналасқан. Бұл – толық циклді автозауыт пен автобөлшектер шығаратын технопарк құрылысына арналған ірі өндірістік кешен. Нысанның жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған, алайда қазіргі уақытта тікелей мақсатында пайдаланылмай отыр. Миллионерден қалған мұра жайлы толығырақ мына жерден оқи аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз