Депутат шетелде қалып қойған «Болашақ» түлектерінен ақшаны қайтаруды талап етті

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Болашақ» бағдарламасында шикілік барын айтып, ашықтықты талап етті.
Осыған дейін Халықаралық бағдарламалар орталығы төрағасының орынбасары Абай Рахмет «Болашақ» стипендианттарының шәкіртақысын 10–15%-ға өсуі мүмкін екенін хабарлаған. Орталық төрағасының айтуынша, соңғы 15 жылдан астам уақыт шәкіртақыға индексация жасалмаған.
Алайда Бақытжан Базарбек бұл идеяны қолдамады.
«Егер миллиардтаған заңбұзушылықтар туралы сөз болып отырса, мен мұны негізді қадам деп санамаймын», – деді ол.
Базарбектің айтуынша, кейбір «Болашақ» стипендианттары оқу бітірген соң, Қазақстанға оралып, жұмыс істеу талабын орындамай жүр. Оларға қандай шара қолданғаны жайлы ақпарат та жарияланбайды.
«Ақшаның қайтарылғаны, келісімшарттың бұзылғаны немесе қандай шешім қабылданғаны жөнінде ашық ақпарат берілмейді. Әзірге белгісіз», – деп түсіндірді Базарбек.
Шәкіртақыны көбейту туралы түпкілікті шешім келесі жылы қабылданбақ. Депутат Базарбек бұл мәселеге әлі де қайта оралып, оны алдағы талқылауларда тағы көтеретінін айтты.