Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс ашуға не кедергі

Air Astana әуе компаниясының бас атқарушы директоры (CEO) Ибрахим Жанлыел Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын орнатуға бірнеше фактор кедергі болып тұрғанын айтады.
Тікелей рейстерді ашуға, ең алдымен, алыс қашықтыққа ұшуға қабілетті заманауи әуе кемелері қажет. Қазір компания Boeing 787 Dreamliner ұшақтарын жеткізіп жатыр.
Жоспар бойынша алғашқы ұшақ биыл қолданысқа берілсе, қалғандары 2026-2027 жылдар аралығында келеді. Техникалық базаның толығуы АҚШ-қа бағыт алудың алғашқы қадамы болуы ықтимал.
Ресейге салынған санкция кедергі
Рейстің іске қосылуын тежеп тұрған күрделі мәселенің бірі – ұшу маршруты. Оңтайлы бағыт Ресейдің әуе кеңістігі арқылы өтуге тиіс еді. Алайда қазіргі геосаяси жағдай мен Ресейге қарсы салынған санкция бұл жолды пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.
«Бұл мәселе біздің құзырымызда емес. Ресей аумағы арқылы ұшу мүмкіндігі мен санкция мәселесі мемлекетаралық деңгейде шешілуге тиіс», – деп атап өтті компания басшысы.
Сондай-ақ балама ретінде Арктика арқылы полярлық бағыттарды пайдалану нұсқасы да қарастырылып жатыр. Бірақ оған да АҚШ-тың авиация билігінің арнайы рұқсаты қажет.
Қанша уақыт қажет
Астана немесе Алматыдан АҚШ-қа ұшатын тікелей рейс шамамен 15-16 сағатқа созылады. Бұл – өте ұзақ әрі операциялық шығыны көп бағыт. Осыған байланысты, әуе компаниясы билет бағасының арзан болмайтынын ашық айтты.
Билет құны ұшу қашықтығы және шығындарға байланысты есептеледі. Сондықтан Нью-Йоркке ұшу бағасы Еуропа немесе басқа халықаралық бағыттарға қарағанда әлдеқайда қымбат болады.
«Ол өте ұзақ, шамамен 15-16 сағаттық рейс болмақ. «Эйр Астана» – нарықтағы ең тиімді авиакомпаниялардың бірі және статистикалық көрсеткіштеріміз өте жоғары. Дегенмен жолаушылар мынаны түсінуі керек: мұндай ұзақ рейстің бағасы Еуропа немесе жақын маңға ұшатын ұшақпен бірдей болмайды. Билет құны осы рейстің операциялық шығындарына сәйкес белгіленетін болады», – деді Жанылел.
Ресми болжам қандай?
Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесі 2020 жылдан бері көтеріліп келеді. 2021 жылдың қарашасында салалық министрлік қос ел арасында әуе рейсін ашу 2025 жылға жоспарланғанын хабарлады.
Ол ұзақ қашықтыққа ұшатын B-787 Dreamliner ұшағын сатып алумен байланысты болған. Бірақ ұшақ сатып алу пандемияға байланысты 2025 жылға кейінге шегерілген.
Былтыр Көлік министрлігі тікелей рейсті 2026 жылдың соңына қарай іске қосуды жоспарлап отырғанын хабарлады.