Кептелісті азайту және жаңа магистраль: Елордада 60 шақырым жол жөнделеді

Елордада ауа райының жылынуымен бірге жол-құрылыс жұмыстары қызу басталды. Биыл Астанада жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын 50-ге жуық көшені жөндеу жоспарланып отыр. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек биылғы маусымда атқарылатын негізгі жұмыстар мен жаңадан салынатын нысандардың тізімін жариялады.
Биыл қай көшелер жөнделеді?
Сәуір айынан бастап қаланың бірнеше маңызды учаскелерінде жөндеу және құрылыс жұмыстары қолға алынды. Олардың қатарында:
- Орталық көшелер: Республика даңғылы (А. Иманов көшесінен вокзалға дейін), Кенесары көшесі (Ә. Сембиновтен Сарыарқаға дейін), Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылыстары.
- Жаңа аудандар: Е68 көшесі, Б. Соқпақбаев көшесінің жалғасы және Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейінгі Абайдың 150 жылдығы көшесі.
- Шет аймақтар: Ақан сері және Шаймерденов көшелеріндегі жұмыстар.

Жол айрықтары мен ірі магистральдар
Қаладағы кептеліс мәселесін шешу үшін бірнеше стратегиялық нысандардың құрылысы жүріп жатыр:
- Бейсекова мен Тілендиев қиылысы: Мұнда екі деңгейлі жол айрығы салынуда. Қазіргі уақытта металл құрылымдарын монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдік бұл нысанды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
- Тәуелсіздік даңғылының жалғасы: Қабанбай батыр даңғылынан Ұлы Далаға дейінгі сегіз жолақты жаңа жолдың құрылысы басталды. Бұл магистраль іске қосылғанда Мәңгілік Ел мен Тұран даңғылдарындағы көлік жүктемесі айтарлықтай жеңілдейді.
- Ш. Айтматов және Қ. Мұхамедханов көшелері: Айтматов көшесіндегі сегіз жолақты жол ашылғаннан кейін негізгі даңғылдардағы кептеліс азайды. Енді Мұхамедханов көшесіндегі жұмыстарды толық аяқтап, абаттандыру жоспарлануда.
Инфрақұрылымдық кешенді жұмыстар
Жол төсеумен қатар, қала билігі жол белгілерін жаңарту, бағдаршамдар орнату және нөсер кәрізі желілерін тарту жұмыстарын қатар жүргізбек. Сондай-ақ, Ұлы Дала даңғылының Қордай көшесіне дейінгі учаскесінде абаттандыру және жолдың жоғарғы қабатын салу жұмыстары атқарылып жатыр.
«Қалада ауа райы жылынған күннен бастап жолдарды жөндеу және салу жұмысы қолға алынды. Жұмыс барысында тек жол төсемі емес, тротуарларды жөндеу мен шұңқырларды бітеуге де баса назар аударылады», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Еске сала кетейік, биылғы жол жұмыстары қаланың барлық аудандарын қамтып, көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.