Путин 9 мамырға орай Украинамен уақытша бітім жасауға дайын

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Getty Images

Владимир Путин Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, 9 мамырға уақытша бітім жасауға дайын екенін айтты. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков хабарлады.

«Дональд Трамп жақында Ресейдің Пасхаға орай уақытша бітім жариялауын жақсы бағалады. Осыған орай Владимир Путин америкалық әріптесіне 9 мамыр мерекесіне де уақытша бітім жасауға дайын екенін айтты. Трамп оны қуана қабылдады», – деді Ушаков «Интерфаксқа» сұхбатында.

Дегенмен ВВС жазуынша, журналистер алдына шыққанда уақытша бітім туралы идеяны Трамп өзі ұсынғанын айтқан.

«Мен Путинмен ұзақ сөйлестім. Оған уақытша бітім жасауды ұсындым, ол солай істейді деп сенемін. Бұл туралы өзі де жариялауы мүмкін», – деді Трамп Ақ үйдегі жиында.

Ушаков сөзінше, Трамп Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келісімге аз қалғанын айтқан. Дегенмен Кремль қандай келісім жасалса да, «арнайы операцияны» бастағандағы мақсатқа қол жеткізу керек деп отыр.

Украина мен Ресей арасында 2022 жылы басталған соғыс әлі жалғасып келе жатыр. Дегенмен бірнеше рет уақытша бітім жасалды. Соңғы рет Пасха мерекесіне орай соғысты екі күнге уақытша тоқтатқан.

Сондай-ақ оқыңыз