
2026 жылдың алғашқы үш айы Қазақстанның банк секторы үшін айтарлықтай табысты кезең болды. Өйткені екінші деңгейлі банктердің жиынтық таза табысы 592 млрд теңгені құрады.
Көрсеткіш нарықтағы қаржылық белсенділіктің жоғары екенін және негізгі ойыншылардың тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
Дегенмен табыстың негізгі бөлігі санаулы ірі қаржы институттарының қолында шоғырланған. Бұл сектордағы бәсекелестік ортаның ерекшелігін айқындайды.
Нарық көшбасшылары мен негізгі ойыншылар
Сектордың абсолютті көшбасшысы ретінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ны атап өтуге болады, оның таза табысы 210,1 млрд теңгеден асып, бүкіл нарық табысының 35,5%-ын иеленді.
Екінші орында 110,5 млрд теңгеден астам табыс тапқан «Kaspi Bank» АҚ тұр. Осылайша екі ірі банк бірігіп сектордағы жалпы пайданың жартысынан астамын қамтамасыз етіп отыр.
Олардан кейінгі орындарға «Банк ЦентрКредит» АҚ (54 млрд теңге), «ForteBank» АҚ (32,6 млрд теңге) және «Отбасы банк» АҚ (31,8 млрд теңге) жайғасып, нарықтағы орнықты позицияларын дәлелдеді.
Ерекше көрсеткіштер мен өзге де банктердің нәтижелері
Орта буындағы банктер арасында «Alatau City Bank» АҚ 29,8 млрд теңге табыспен жоғары нәтиже көрсетіп, тіпті «Ситибанк Қазақстан» АҚ (23,2 млрд теңге) секілді ірі халықаралық құрылымдарды басып озды.
Шетелдік капитал қатысатын банктер, атап айтқанда «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ мен Қытайдың сауда-өнеркәсіп банктері де бірнеше миллиард теңге шамасында тұрақты пайда көрді.
Сонымен қатар ислам банктері саналатын «ADCB» және «Zaman-Bank» жиынтық түрде 5,5 млрд теңгеге жуық табысқа қол жеткізді. Айта кетерлік жайт, тізімдегі 23 банктің ішінде тек «БиЭнКей» банкі ғана тоқсанды 532 млн теңге шығынмен аяқтады.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың сәуір айындағы Орталық Азия елдері мен Ресей Орталық банктерінің базалық мөлшерлеме бойынша соңғы деректерді қарасытырдық.