ІІМ: Әл-Фараби даңғылындағы ірі жол апатына қатысты іс жақында сотқа түседі

Жарияланды
SMM бөлімінің редакторы
Business News бөлімінің тілшісі
Әл-Фараби даңғылындағы ірі жол апаты
Алматы қаласындағы ірі жол апаты / фото: ашық дереккөз

2026 жылғы 21 наурызда Алматы қаласының Әл-Фараби даңғылында болған ірі жол апатынан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов осылай деп мәлімдеді.

Іс сотқа жолданады

Шенеуніктің айтуынша, ірі жол апатына байланысты тағайындалған сараптама нәтижелерінің бәрі дерлік дайын, тергеу де аяқталып қалды.

«Тергеу аяқталғанын алдағы екі аптаның көлемінде жариялаймыз. Өйткені қажетті тергеу амалдарының бәрі аяқталып қалды», – дейді Әділов 30 сәуірде Сенат отырысына барған журналистерге.

Министрлік өкілі тергеу нәтижесі бойынша қосымша мәлімет таратуға уәде берді. Тергеу аяқталған соң, құзырлы мекемелер іс материалдарын сотқа жолдайды.

Ірі жол апаты туралы

Естеріңізге сала кетейік, 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында Zeekr автокөлігі қарама-қарсы жолаққа шығып, қатты жылдамдықпен Mercedes-Benz көлігін соқты. Соның салдаранын Mercedes жүргізушісі мен оның ішіндегі екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты. Zeekr жүргізушісі әуелі ауруханаға, сосын тергеу изоляторына түсті. Полиция қылмыстық іс қозғады.

Алматының қақ ортасындағы ірі жол апаты қоғамда қызу талқыланды. Жол апатына себеп болған көлік даңғылда жарысқаны туралы әңгіме тарады. Бұған қоса көліктердің түндегі жарысына құзырлы орган өкілдері де қатысқан болуы мүмкін деген қауесет тарады. Полиция департаменті ол деректі тексеруге уәде берді.

Апаттан қаза болғандардың туыстары тергеудің әділ өтіп жатқанына күмәнмен қарап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз