Кәсіпкер Мүтәліп пен экс-депутат Боранбаев 59 млрд теңгенің тендеріне таласты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Шахмұрат Мүтәліп пен Бердіқожа Боранбаев
Тоғыз жаңа мектепті кім салады? / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысында бір қала мен сегіз ауылда салынуға тиіс тоғыз мектептің құрылысына қатысты тендер өтпей қалды. Жалпы құны 59,3 млрд теңгенің жобасына екі құрылыс компаниясы таласып жатыр.

Талапқа сай емес

Өңір әкімдігі мектеп құрылысына қатысты тоғыз лотты мемлекеттік сатып алу порталына 13 сәуірде жариялаған. Тоғыз мектеп Қонаев қаласы (900 орындық мектеп, 6,3 млрд ), Өтеген батыр ауылы (1200 орындық, 7,1 млрд), Байсерке ауылы (1200 орындық, 7,4 млрд), Тоқпанов ауылы (900 орындық, 6,3 млрд), Қырғауылды ауылы (900 орындық, 6,3 млрд), Екпінді ауылы (900 орындық, 6,3 млрд), Жайнақ ауылы (900 орындық, 6,3 млрд), Қарғалы ауылы (900 орындық, 6,3 млрд) және Бәйтерек ауылында (900 орындық, 6,3 млрд) салынады.

Тоғыз лоттың бәріне Integra Construction KZ құрылыс компаниясы, бірнешеуіне «Оңдасын Строй» компаниясы құжат өткізген. Дегенмен комиссия екеуін де талапқа сай емес деп тапты.

Тендер хаттамасында байқаудың өтпеу себебі «біліктілік және құжат талаптарына сәйкес еместігімен, заңның 7-бабының талаптары сақталмауымен» түсіндірілген.

Енді Алматы облысының әкімдігі тоғыз мектеп құрылысына қайтадан тендер жариялайды.

Ірі жобаға талас

Қыруар ақшаның жобаларына кіруге дәмелі Integra Construction KZ компаниясының, eGov мәліметінше, екі құрылтайшысы бар. Олар: кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп және Management&Construction Ltd. Екіншісінің жалғыз қожайыны да Мүтәліп.

Айта кетейік, жақында ғана Integra БАҚ өкілдерін жинап, Бағанашылдағы  №1 балалар үйінің құрылысына алып барған. Сол кезде компанияның 5 млрд теңгенің ғимаратын тегін салып жатқаны мәлім болған.

Бағанашылда тегін салынатын балалар үйі ғимаратының сызбасы / фото: Integra Construction KZ

Ал мектеп құрылысының тендеріне қатысқан екінші компания – «Оңдасын Строй» кәсіпкер Бердіқожа Боранбаевқа тиесілі. eGov дерегінше, компания 2006 жылы Маңғыстау облысында тіркелген. Бердіқожа Оңдасынұлы кезінде Ақтау қалалық мәслихатының депутаты болған.

Тендер талаптары

Тендер жеңіп алған компания мектеп ғимаратын 2030 жылдың шілдесіне дейін аяқтап, жаңа оқу маусымына дайын нысанды тапсыруға тиіс. Сатып алу порталында ғимараттың нақты техникалық сипаттамасы анық көрсетілмегендіктен, оның қанша қабаттан тұратынын, кескіні мен мазмұнын білу мүмкін болмай тұр.

Дегенмен байқау жеңімпазы ғимаратқа жарық, су және газ тартып, кәріз жүйелерінің бәрін аяқтап беруі керек.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірде 484 орта мектеп, 40 колледж бар. Мектеп тапшылығына байланысты, отыз мектепте балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр.

Сондай-ақ оқыңыз