«Ананы сөмкеңе салып қойшы»: 5 жылға сотталған журналистің видеосы тарады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Астана соты
Қылмыстық іс Шымкентте қаралды/фото shutterstock

Әлеуметтік желіде Шымкентте мемлекеттік қызметкерден 10 млн теңге бопсалады деген айыппен 5 жылға сотталған журналист Арай Есенбектің видеосы тарады.

Facebook қолданушысы Оңғар Қабден жариялаған видеоға сәйкес, екі ер адам мен бір әйел мейрамханада отыр. Әйел сөмке ішінен бір пакет алып, қарсы отырған ер адамға ұсынған. Әрі қарай әйел «Ареке, дос болайық» деп айтқан, ал Арай Есенбек «Жанна, сөмкеңе салып қоя сал мынаны» деп жауап берген.

«Шымкенттік журналист Арай Есенбек ешкімді бопсаламаған. Керісінше әкімдік Арайдың аузын жабу үшін 10 миллион теңге апарған. Келісімге келу үшін. Мына видеода бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ақшаны апарған сотта жәбірленуші болып танылған СПК қызметкері, сотта әкімнің штаттан тыс кеңесшісімін деген Ж.Б. Қасында әкімдіктің операторы М. деген жігіт болған», – деп жазды Оңғар Қабден.

Сот үкімі

Соттың хабарлауынша, 2025 жылдың қазанында журналист әлеуметтік желілерде Шымкент әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялап, әкімдік өкілінен өзімен 10 млн теңгеге ақпараттық мемлекеттік сатып алу шартын жасауды талап еткен.

«Бас тартқан жағдайда ер адам интернетте әкімдік қызметі туралы жағымсыз мәлімет жариялаймын деп қорқытқан. 6 қарашада сотталған 990 000 теңге алған. Сотта сотталушы кінәсін ішінара мойындап, соттан өзін бостандығынан айырмауды сұрады», – делінген хабарламада.

Сот журналисті қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот үкімі туралы ақпарат тарағаннан кейін Арай Есенбектің адвокаты Қанат Жүнісов әлеуметтік желіде жазба жариялады.

Айтуынша, журналист сот барысында өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Қылмыстық іс қозғалғаннан үкім шыққанша жоққа шығарған.

Сондай-ақ оқыңыз