Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасы күрт қымбаттағанын жоққа шығарды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобланбаев

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасының 66%-ға дейін қымбаттағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, нарықтық сегментте баға өсімі 15%-дан аспайды, ал кейбір дәрі-дәрмектер керісінше арзандаған.

Министрлік бағаның күрт өскені туралы тараған хабарламаларды шындыққа сәйкес келмейді деп атап өтті. Сондай-ақ жекелеген препараттардың құны 52–66% өсті деген деректер расталмағанын мәлімдеді. Республика бойынша жүргізілген мониторингке сәйкес, наурыз айында 631 дәрі атауының бағасы өткен жылдың маусымымен салыстырғанда орта есеппен 24,6%-ға төмендеген.

«Реттелетін сегментте дәрілік заттардың 50%-дан астамы тұрақты деңгейін сақтап отыр, ал препараттардың 25%-ында баға төмендегенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, 1707 рецептісіз берілетін препарат мемлекеттік реттеуге жатпайды және нарық қағидаттары бойынша сатылады. Олардың ішінде 2025 жылмен салыстырғанда бағасы 5%-дан 15%-ға дейін аздап өскен дәрілер бар, ал кейбір позициялар бойынша 11%-ға дейін төмендеу байқалады», – делінген хабарламада.

Министрлік елде дәрі-дәрмектерге шекті баға белгілеу тетігі енгізілгенін еске салды. Бұл жүйе дәрілердің құнын реттеп, науқастарға түсетін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған. Қазіргі таңда бөлшек саудада 4994 дәрілік атауға шекті баға белгіленген. Олардың қатарында жүрек-қан тамырлары, тыныс алу және жұқпалы ауруларды емдеуге арналған препараттар бар.

Ведомство мысал ретінде парацетамолды келтірді. 20 таблеткадан тұратын қаптаманың бағасы 200 теңгеден 188 теңгеге дейін төмендеген. Ал белсендірілген көмірдің бағасы 130 теңгеден 144 теңгеге өскен.

Сонымен қатар, мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында 3000-нан астам дәрі қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған. Олардың ішінде әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған 1200-ден астам дәрі бар.

Десе де соңғы айларда жалпы баға өсімі бәсеңдегенімен, фармацевтикалық өнімдердің қымбаттағаны байқалып отыр. Ranking.kz мәліметіне сәйкес, наурыз қорытындысы бойынша, дәрі-дәрмек бағасы жылдық көрсеткіште 15,9%-ға өскен.

Сондай-ақ оқыңыз