Теңізде вахтада заңсыз жүрген шетелдіктер елден шығарылды

Атырау облысы Жылыой ауданында 27 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Олар Теңіз қалашағында заңсыз жұмыс істеп жүрген деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің Көші-қон комитеті.
«Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібін бұзған 27 шетел азаматы ел аумағынан тысқары шығарылды. Оларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар Жылыой аудандық сотына жолданды», – деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.
Комитет мамандары көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында шетел азаматтары мен оларды қабылдаушы тұлғалар арасында түсіндіру-профилактикалық жұмыстар да жүргізген.
Көші-қон есебі бойынша, жыл басында Қазақстанда 7100 азаматтығы жоқ адам тіркелген. Үш айдың ішінде есепке 120 адам алынып, 142-сі есептен шығарылды, яғни олардың жалпы саны бар болғаны 22 адамға азайған.