Шымкентте жас жігітті күштеп әскерге жібермек болған видео тарады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: видеодан кадр

Шымкентте жергілікті атқарушы орган өкілдері жас жігітті көшеде ұстап, әскери есепке қою үшін комиссариатқа жеткізді. Бұл туралы OTYRAR жазды.

Жағдай 1 мамыр күні Чапаевка ауданында болған. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалып, әлеуметтік желілерде тарады. Жігіт дүкеннен шығып қашып бара жатып, құлап қалады. Артынан екі ер адам келіп қолынан сүйрелеп, алып кетеді.

Кейінірек ресми органдар жас жігіт «жағдайды дұрыс түсінбей, қашуға әрекет жасаған, эмоцияға беріліп, құлап қалғанын» хабарлады. Алайда мән-жайды түсіндіргеннен кейін ол жиын пунктіне өз еркімен барып, медициналық комиссиядан өткен. Тексеріс қорытындысы бойынша әскери қызметке жарамды деп танылды.

«Полиция қызметкерлерінен қорқып, қашып кеттім. Сосын мені ұстап қалды. Мен өз еркіммен әскерге бара жатырмын, ешкімге арызым жоқ», – дейді ол камерадағы сөзінде.

Бұған дейін оған бірнеше рет шақырту жіберілген, бірақ келмегеннен кейін рейд жүргізіліп, артынша ұсталған.

Биыл есеп бойынша, үш мың қазақстандық міндетті әскери жиынға шақырылады.

Сондай-ақ оқыңыз