Павлодарда мемсатып алу сайтына 2 мың адамның жеке дерегін шығарып қойған

Павлодарда мемлекеттік сатып алу сайтына қатысушылар екі мың адамның жеке дерегін жариялап жіберген. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлайды.
Порталға мектептерді медициналық тексеру бойынша қызмет сатып алу туралы хабарландыру орналастырылған. 28 білім мекемесінің басшылығы конкурстық құжатқа қызметкерлерінің мекенжайы мен телефон нөмірін де қоса салған.
Бұл жағдайды Павлодар қаласы прокуратурасы анықтап, білім беру саласының 2 065 қызметкерінің дербес деректері ашық көздерден алынып тасталды, ал кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Жеке деректердің еркін қолжетімділігі еңбек заңнамасының нормаларын бұзумен қатар, оларды алаяқтық мақсатта пайдалану қаупін тудырады», – деп ескертеді прокуратурадан.
Мемлекеттік сатып алу порталы – кез келген адам кіріп көре алатын ашық ресурс. Заң бойынша, адамның келісімінсіз олардың жеке дерегін жариялау заң бұзу деп саналады. Алаяқтар ол деректерді өз мақсатына пайдалануы мүмкін.
Былтыр еліміздегі 16 млн адамның жеке дерегі таралып кеткенін жазған едік. Кейін белгілі болғандай, олардың мекенжайы, ЖСН мен телефон нөмірі 2020 жылы тараған, бірақ бес жыл өткеннен кейін анықталды. Сол кезде министр бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.