Tele2-ні 1,1 млрд долларға сатқан Қазақтелеком небәрі 7,4 млн доллар дивиденд төлейді

«Қазақтелеком» акционерлері дивиденд көлемі туралы маңызды шешім қабылдады. Былтыр Tele2 брендін 1,1 млрд долларға сатқан компания акционерлерге бар болғаны 7,6 млн доллар беретін болды.
Акцияларының 91,28%-ы «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі «Қазақтелеком» 30 сәуірде Астанада жыл қорытындысына арналған жалпы отырысын өткізді. Акционерлер жиналысында таза пайданы бөлу мәселесі қарастырылды.
Акционерлер қабылдаған түпкілікті шешімде төленетін дивиденд көлемі 3,53 млрд теңге, яғни шамамен 7,6 млн доллар деп белгіленді. «Қазақтелекомның» былтырғы таза табысының 15%-ы акционерлерге төленеді делінгенімен, оған «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын (Tele2 және Altel брендтері) сатудан түскен пайда кірген жоқ.
Айта кетейік, «Қазақтелеком» 2025 жылғы қаңтарда «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясының 100% үлесін сатуды аяқтады. Power International Holding (Қатар) оны 1,1 млрд долларға сатып алды.
Дегенмен акционерлерге бөлінген дивиденд ауқымды келісім сомасының 0,7%-ы ғана болып шықты. Қалған бөлігі «Қазақтелеком» қарамағында қалды.
Компания дивиденд төлеуді үш ай ішінде аяқтауды көздеп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық Қазына» 2026 жылғы сәуірдің аяғында «Қазақтелекомның» тағы 10% акциясын сатып алған.