Үш айда Қазақстандағы халық саны 48 мыңға көбейді

2026 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша, Қазақстандағы халық саны 20 499 822 адамнан 20 547 909 адамға дейін өсті. Үш айдағы жалпы өсім 48 087 адамды құрады.
Оң динамика екі негізгі фактордың арқасында қалыптасты: оның ішінде табиғи өсім 42 879, ал көші-қон айырымы 5 208 адамды көрсетті.
Демек республика деңгейінде туу көрсеткіші өлім-жітімнен басым түсіп, елге келгендер саны кеткендерден артық болған.
Қазақстан өңірлерінің халық саны
Қазақстан Республикасы бойынша жалпы: 20 547 909 адам
Қала және ауыл халқының динамикасы
Ел ішіндегі демографиялық тенденцияларда қала мен ауыл халқының арасында айтарлықтай қарама-қайшылық байқалады. 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша қала халқының саны 13 137 950 адамға жетіп, жыл басынан бері 52 840 адамға көбейген.
Қалалардағы бұл қарқынды өсімге табиғи өсім (26 063 адам) мен ішкі және сыртқы көші-қон (26 777 адам) бірдей үлес қосқан. Ал ауыл халқының саны, керісінше төмендеу динамикасын көрсетіп, 7 414 712 адамнан 7 409 959 адамға дейін кеміді.
Ауылдық жерлерде 16 816 адамға табиғи өсім болғанымен, 21 569 адамды құраған теріс көші-қон айырымы ауыл халқының жалпы санының 4 753 адамға азаюына алып келді. Бұл еліміздегі урбанизация процесінің өте белсенді жүріп жатқанын дәлелдейді.
Өңірлерде халық саны қалай өсті
Өңір бөлінісінде халық саны республикалық маңызы бар қалалар мен оларға іргелес аймақтарда көп өскен. Халық санының жалпы өсімі мен көші-қон тартымдылығы бойынша Астана қаласы көш бастап тұр.
Елорда халқы бір тоқсанда 23 579 адамға көбейіп, 1 662 755 адамға жетті, бұған 18 764 адамды құраған жоғары оң көші-қон тікелей әсер етті. Республикадағы ең көп халық шоғырланған Алматы қаласында халық саны 10 949 адамға артып, жалпы саны 2 359 052 адамды құраса, Шымкент қаласы 8 818 адамға көбейіп, 1 302 868 адамдық көрсеткішке ие болды.
Сонымен қатар Алматы облысы да жоғары өсім көрсетіп (9 833 адам), оның жалпы халық саны 1 606 365 адамды құрады. Сондай-ақ Маңғыстау облысы да халық санының 3 206 адамға тұрақты өскенін көрсетті.
Халық саны кеміген және көші-қон теріс өңірлер
Бірқатар облыста табиғи өсім болғанымен, халықтың басқа аймақтарға көшуіне байланысты жалпы адам санының азаюы байқалады. Халық көп қоныстанған аймақтардың бірі Түркістан облысында табиғи өсім өте жоғары (8 153 адам) екеніне қарамастан, көші-қон айырымының республика бойынша ең үлкен теріс көрсеткіші (-10 693 адам) салдарынан жалпы халық саны 2 540 адамға кеміп, 2 146 665 адамды құрады.
Дәл осындай жағдай Жамбыл облысында да көрініс тапты, мұнда көші-қон айырымы -4 351 адамды құрап, жалпы халық саны 1 155 адамға азайған.
Сонымен қатар Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында да жалпы халық санының кеміген. Республика бойынша ең аз халық тұратын өңірлер қатарында Ұлытау облысы (218 420 адам) және Солтүстік Қазақстан облысы (512 991 адам) бар.
Ал 2025 жылғы 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес Қазақстан халқының саны 20 478 879 адам болған.