«Қазмырыш» зауыттағы жарылыстан екі адам қайтыс болғанын хабарлады

«Қазмырыш» компаниясы ресми түрде зауыттағы жарылыстан екі адам қайтыс болғанын хабарлады.
«Алдын ала ақпарат бойынша, түтін сорғышты тазалау жұмыстары кезінде жарылыс болып, соңы өртке және құрылымдардың ішінара құлауына ұласты. Оқыс оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алды. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деп жазылған хабарламада.
Компания қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Оларға материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін де хабарлады. Зауыт басшылығы жарылыстан ауаға зиянды заттар тарағанын да мойындады, бірақ тұрғындар үшін қауіпті емес деп есептейді.
«Сонымен бірге мамандар қоршаған ортаға қаншалықты зиян келгенін тексеріп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, ауаға тек шаң тараған, бірақ ол қауіпті емес. Шектен тыс ластану немесе улы заттардың бөлінуі тіркелген жоқ», – деп жазылған компания мәлімдемесінде.
Жарылыстың себебі қандай?
Тілшілер компания өкілдерінен жарылыс себебі туралы сұрады.
«Әзірге, оның себебін айта алмаймын. Құтқарушылардың жұмысы аяқталғаннан, құзырлы органдардың тексерісі біткеннен кейін анық болады», – дейді «Қазмырыштың» әкімшілік мәселелері жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Оның сөзінше, жарылыс болған цехта үш адам жұмыс істеген. Бірақ жарылыс толқыны келесі цехқа да жетіп, ондағы адамдар да зардап шеккен. Бірақ «Қазмырыш» өкілі әлі жарылыс аумағы қанша екенін де айтқан жоқ. Бастапқыда БАҚ-та өрт болды деген хабар тараған, дегенмен компания өкілдері өрт емес жарылыс болды деген нұсқаны айтады.
Еске салайық, төтенше оқиға «Қазмырыш» компаниясының металл балқыту цехында болған. Төтенше жағдайдан кейін премьер Бектенов Өскемендегі зауыт өртіне қатысты тапсырма берді
Зауыттағы өрт, оның салдары жайлы толық репортажды мына жерден көре аласыз.