Алаяқ қайтарымсыз несие әперемін деп мүгедек адамды алдап соқты

Жамбыл облысы Жуалы ауданында бір алаяқ мүмкіндігі шектеулі азаматқа қайтарымсыз несие алып беруге уәде беріп, алдап кетті.
Жамбыл облысының Жуалы аудандық сотының мәліметінше, 2025 жылдың қазанында алаяқ Жуалы тұрғынының інісінің мүгедек екенін біледі. Сосын оның атына 5 млн теңгеге қайтарымсыз несие рәсімдеуді ұсынады. Інісінің ІІ топтағы мүгедектігі туралы құжаттарының көшірмелерін алады.
Бұдан кейін несие рәсімдеу үшін 300 мың теңге сұраған. Ауыл тұрғыны оған да келісіп, сұраған ақшасын тауып берген. Бірақ алаяқ бұл қаражатты керегіне жаратып жіберген.
Жуалы аудандық соты осы алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі қарады. Кінә тараптардың айғақтарымен және заттай дәлелдемелерімен расталады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, материалдық залалды өтегенін хабарлады. Жәбірленуші де залалды өтегенін, сотталушымен татуласқанын айтып, істі тоқтатуды сұраған.
Жәбірленушінің өтінішін назарға алып, сот қаулысымен іс тоқтатылды.