«Қазмырыш» зауытындағы апаттан кейін полиция тергеу жұмыстарын бастады

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
«Қазмырыш» зауытындағы апаттан кейін полиция тергеу жұмыстарын бастады
Қазмырыш зауытындағы жарылыс / KursivMedia сайтына жолданған сурет

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті «Қазмырыш» компаниясы зауытында болған қайғылы апатқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Оқиғаның мән-жайы тексеріледі

Полиция «Қазмырыш» зауытында абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша іс қозғаған.

Оқиға орнында жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр.

«Полиция департаменті оқиғаның мән-жайын толық, объективті және жан-жақты зерттеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізеді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жазылған хабарламада.

Жарылыс қашан болды?

5 мамырда таңертең Өскемен қаласының өндіріс аймағында орналасқан «Қазмырыш» компаниясы зауытында жарылыс болды. Қайғылы оқиғадан екі адам ажал құшты, тағы бесеуі жарақат алды.

Қала тұрғындары терезенің бәрін жауып, үйден немесе жұмыстан шықпай отырғанын айтты. Ұялы телефондарға далаға шықпаңдар деген хабарлама келіп жатыр.

Кейінірек анықталғандай, жарылыстан кейін цехтың 220 шаршы метрі опырылып түскен. Ал өрт 120 шаршы метрді алған.

Сондай-ақ оқыңыз