Путин төңкерістен қорқып, бункерде жасырынып жүр – Еуропа барлаушылары

Ресейде төңкеріс пен қастандық қаупі туралы ақпараттан соң президент Владимир Путиннің қауіпсіздік шаралары күрт күшейтілді. Бұл туралы Financial Times басылымы дереккөздер мен еуропалық барлау мәліметтеріне сілтеме жасап жазды. «Важные истории» сайты Еуропадағы бір елдің барлау қызметінің есебіне сілтеме жасап, Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі Путиннің күзетін күшейткенін хабарлады.
Ресейдің Федералдық күзет қызметі (ФҚҚ) соңғы айларда Путиннің қауіпсіздік хаттамаларын едәуір қатаңдатты. Financial Times дереккөздерінің мәліметінше, Ресей президенті уақытының көп бөлігін жерасты паналарында өткізеді және азаматтық басқарудан алшақтап, Украинаға қарсы соғысқа көбірек назар аудара бастаған.
«Важные истории» басылымының нақтылауынша, 2026 жылдың наурыз айынан бері ФҚҚ Путин бара алатын орындардың тізімін айтарлықтай қысқартқан. Ол Мәскеу облысы мен Валдайдағы резиденцияларына сапарын тоқтатып, уақытының басым бөлігін бункерлерде, соның ішінде Краснодар өлкесінде өткізеді. Ал оның баспасөз қызметі алдын ала жазылған видеоларды жариялап отырады деп топшылайды.
Кремльге келушілерге қойылатын тексерістер де күшейтіліп, екі деңгейлі жүйе енгізілген. Президентке жақын жұмыс істейтін қызметкерлерге интернетке қосылатын смартфондарды және қоғамдық көлікті пайдалануға тыйым салынған, сондай-ақ олардың үйлеріне бейнебақылау орнатылғаны айтылады.
Еуропалық барлау қызметтерінің бағалауынша, Путин бұрынғы қорғаныс министрі Сергей Шойгуды негізгі қауіптің бірі ретінде қарастырады. Олардың пікірінше, Шойгудың әскери басшылық арасындағы беделі айтарлықтай жоғары.
Айта кетейік, Ресей қорғаныс министрлігі 9 мамыр жеңіс күніне орай екі күндік уақытша бітім жариялады. Көп ұзамай Украина президенті Владимир Зеленский де фронтта «тыныштық режимін» енгізетінін мәлімдеді.