Тоқаев Xinjiang Lihua өкілін қабылдады: Қытай компаниясы қандай жобаны іске асырады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Xinjiang Lihua компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихайды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Тоқаев мақта-тоқыма кластерін дамыту жобасын талқылады
Кездесуде толық өндірістік циклді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Бұл жоба импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып, ішкі нарықты бәсекеге қабілетті отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қытай компаниясы екі мақта өңдеу зауытын іске қосты
«Чжан Цихай Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде бірнеше нысан, соның ішінде екі мақта өңдеу зауыты қолданысқа берілгенін айтты. Таяу жылдары синтетикалық мата материалдарын, тоқыма және киім өндіретін нысандарды іске қосу жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.
Мақта егістігі 52 мың гектарға дейін ұлғаяды
Жобаны жүзеге асыру арқылы мақта егістігін 52 гектарға дейін ұлғайтуға болады. Мақта-мата кластерінің алғашқы кезеңінде 360 миллион долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 4 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.
Мемлекет басшысы бұл кластердің еліміздің оңтүстік өңіріндегі агроөнеркәсіп кешені мен жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін маңыздылығын атап өтті. Президенттің пікірінше, жергілікті тұрғындар арасынан білікті маман даярлау ісіне мән беру керек.
Су үнемдеу технологиялары мен жасанды интеллект енгізіледі
Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдаланудың өзектілігіне назар аударды. Сондай-ақ мақта өндірісінің шығынын ескере отырып, аталған салаға «ақылды» цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізуді құптады.
Еске салсақ, бүгін, 5 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевты да қабылдады.