«Ең соңында естідік»: «Қазмырыш» кәсіпорнында қаза тапқан жұмысшының отбасы

«Қазмырыш» ЖШС-нің металлургиялық алаңында қайтыс болған азаматтың туыстары қаралы хабарды ең соңғы болып білгенін айтады, деп жазады ҚазАқпарат.
Отбасының болашағы үшін қоныс аударған еді
Қаза тапқандардың бірі – 39 жастағы Ержан Камалиев. Осыдан бір жыл бұрын ол Риддерден Өскеменге ауысып келген болатын. Онда да «Қазмырыштың» бөлімшесінде еңбек еткен. Жақындарының айтуынша, бұл шешім оңай болмаған, бірақ ол балаларының болашағы үшін осындай қадамға барған. Артында үш баласы қалды: үлкені биыл 11-сыныпты бітіреді, ал кішілері небәрі екі және үш жаста.
«Ол әрдайым балаларын ойлайтын. Не істесе де солар үшін істеді. Жақсы болашақтары болса екен деп тырысты. Шағымданбайтын, өз ісіне адал еді», – дейді туыстары.
Бұл оқиға отбасы үшін үлкен соққы болды.
«Кеше ғана сөйлесіп, жоспар құрған едік. Ешқандай жамандықтың нышаны болмаған. Ал бүгін ол енді жоқ…» – дейді туыстары.
Қайғылы хабарды қалай естіді?
Отбасы үшін ең ауыры – қаралы хабарды есту болған. Қаза тапқан азаматтың әкесі Тоқтарбек Камалиевтің айтуынша, ресми ақпарат ұзақ уақыт бойы берілмеген.
«Бізге туыстарымыз бен таныстарымыз хабарласа бастады. Біреуі жазып жатыр, біреуі көңіл айтып жатыр. Ал біз ештеңе түсінбей отырмыз. Бізге ешкім қоңырау шалмады, ештеңе түсіндірмеді. Не болғанын өзіміз анықтай бастадық», – дейді қаза тапқан жұмысшының әкесі.
Оның айтуынша, ұлының қазасын бәрінен соң есту – ең ауыр тиген соққы болған.
«Бұл өте ауыр. Бүкіл ел біліп, талқылап жатқанда, сен – әкесі бола тұра ұлыңның жайынан бейхабар отырасың. Бұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Соңғы сәтке дейін бұл қателік шығар, басқа біреу шығар деп үміттендік», – дейді Тоқтарбек Камалиев.
Қаза тапқан жұмысшының ағасы Ерлан Ермеков сол сағаттарда есеңгіреп қалғандарын айтады.
«Сене алмайсың. Мүмкін шатастырған шығар, басқа адам шығар деп ойлайсың. Кейін жан-жаққа хабарласа бастағанда, бәрінің рас екенін түсінесің. Сол сәтте ішіңде бір нәрсе үзіліп кеткендей болады», – дейді ол.
Қазір отбасы қоштасу рәсіміне дайындалып жатты. Олар үшін қазіргі ең басты мәселе — ұлдарын ақырғы сапарға лайықты түрде шығарып салу.
Қазіргі жағдай қандай?
Кәсіпорын аумағында жұмыстар әлі де жалғасуда. Өрт сөндірілді, құтқарушылар үйінділерді тексеріп жатыр.
«Біздің тізіміміз бойынша үйінді астында ешкім қалмауы тиіс. Кімнің жұмыста болғанын, кімнің медициналық көмекке жүгінгенін түгел тексердік. Дегенмен, қауіпсіздік үшін іздестіру жұмыстарын тоқтатқан жоқпыз», — деп хабарлады «Қазмырыш» ЖШС атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Оқиғаның себептерін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Экологтар ауадағы зиянды заттардың мөлшері қалыпты екенін айтып, тұрғындарды сабырға шақырды.
Соңғы жаңалық бойынша, Өскемен зауытындағы жарылыстан екі адам қайтыс болды, бес адам зардап шекті. Дәрігерлер бір науқастың жағдайын ауыр деп бағалады, денесінің 90 пайызын күйік шалған.
Төтенше жағдай болған зауыт «Қазмырыш» компаниясына тиесілі. Кәсіпорын мыс, бағалы металдар және қорғасын сияқты ілеспе металл түрлерін қоса өндіреді. Түрлі фабрика мен зауыттарында 29 мың адам жұмыс істейді. Негізгі инвесторы – швейцариялық Glencore International AG компаниясы.
Жарылыс болған зауыттың жағдайы туралы толық репортажды мына жерден оқи аласыз.