Қазақстанның ең үлкен кемесі Каспийге жіберілді

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Қазақстанның ең үлкен кемесі Каспийге жіберілді / Фото: БҚО әкімдігі

Оралда Отан қорғаушылар күніне орай «Зенит» зауыты салған кеме суға түсірілді. Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

Облыс әкімі Президенттің тапсырмасымен ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысы аясында жүзеге асырылған маңызды жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің қорғаныс қабілетін нығайту бойынша нақты міндеттер қойды. Бүгін «Зенит» зауыты ұжымының жоғары кәсібилігі мен адал еңбегінің арқасында біз Қазақстандағы ең үлкен кемені суға түсіріп жатырмыз. Кемеге мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Экипаж қорғаныс әлеуетін нығайту ісіне жанқиярлықпен қызмет ететініне сенімдімін. Сәттілік тілеймін!» ө деді Нариман Төреғалиев.

Фото: БҚО әкімдігі

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл – зениттіктер салған 37-ші кеме. Оның су сыйымдылығы 720 тоннаны құрайды. Жүк трюмінің көлемі – 30 текше метр.

«Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Виталий Каплуновтың айтуынша, кеме 16 торапқа дейін жылдамдық алады. Оның ұзындығы – 51 метр, ені – 9,5 метр. Ол 8 балға дейінгі дауылға төтеп бере алады. Жобаны іске асыруға кәсіпорынның барлық қызметкерлері атсалысты.

Көпфункциялы кеме ҚР Әскери-теңіз күштерінің кемелері мен катерлерін дизель отынымен, ауыз сумен, азық-түлікпен және басқа да материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуге арналған.

Фото: БҚО әкімдігі

Экипаж құрамында 30-ға жуық адам бар. Жеке құрам үшін жайлы жағдай жасалған.

Айта кететін жайт, теңізге шығар алдында кеме көпірдің астынан өтуі тиіс, сондықтан діңгегі (мачта) Ақтау портына барғанда орнатылады.

Сондай-ақ оқыңыз