Ақтөбе облысы әкімдігіндегі өрттен 90 млн теңге шығын келген

Ақтөбеде облыстық әкімдік ғимаратының шатыры жануынан келген шығынды алдын ала бағалау жұмыстары аяқталды.
Өңір әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шығын көлемі шамамен 90 миллион теңгені құрады.
«Алдын ала бағалау бойынша, жалпы материалдық шығын шамамен 90 миллион теңгені құрайды. Қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар резерві қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Жөндеу жұмыстарын мамандандырылған компания жүргізеді, бұл қалпына келтірудің барлық кезеңдерінде жеделдік пен сапаны бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, өрттің нақты себептері әлі де анықталып жатыр. Бұған дейін мамандар алдын ала себеп ретінде электр сымдарының қысқа тұйықталуын атаған болатын.
Еске сала кетейік, өңір әкімдігінің ғимаратындағы өрт 7 сәуір күні сағат 20:21 шамасында Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылы бойында болды. Өрттің аумағы 300 шаршы метрді құрады. Тілсіз жауды бір сағатқа жетпей ауыздықтап, 21:52-де толық сөндіру мүмкін болды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Ақтөбе облысының әкімдігі нақтылағандай, өрт сөндірілген бойда қалпына келтіру жұмыстары басталды. Сараптамалар, соның ішінде өрт-техникалық және электротехникалық сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.