«Арсенал» 20 жылдан кейін финалда: лондондықтар «Атлетиконы» қапы қалдырды

Лондондық «Арсенал» 2025/26 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының алғашқы финалисі атанды. Өз алаңында Мадридтің «Атлетикосын» қабылдаған Микель Артета шәкірттері минималды есеппен жеңіске жетіп, шешуші кезеңге жолдама алды.
Матч қалай өтті?
Мадридтегі алғашқы ойында 1:1 есебімен тең түскен командалар финал тағдырын «Эмирейтс» стадионында шешті. Кездесу тағдырын бірінші таймның соңында, 45-минутта Букайо Сака соққан жалғыз гол шешіп кетті. Леандро Троссардың соққысын Ян Облак қайтарғанымен, қайтқан допқа бірінші жеткен Сака мүлт кетпеді.
Екінші таймда «Арсенал» өте сақ ойын көрсетіп, есепті сақтап қалды. Диего Симеоненің ұлы Джулиано Симеоне мен тәжірибелі Антуан Гризманнда есепті теңестіретін тамаша мүмкіндіктер болғанымен, лондондықтардың қорғанысы сыр бермеді. Осылайша, ширек финалда «Барселонаны» жарыс жолынан шығарған «матрасшылар» биылғы сапарын осы жерден аяқтады.
Келесі қарсылас
«Арсенал» клубы соңғы 20 жылда алғаш рет Чемпиондар лигасының финалына шығып отыр. Енді олар 30 мамыр күні өтетін финалда «ПСЖ» немесе «Бавария» жұбының жеңімпазымен кездеседі. Парижде өткен алғашқы ойында «ПСЖ» 5:4 есебімен басым түскен болатын, ал қарымта матч бүгін түнде Мюнхенде өтеді.
Биылғы маусым қазақстандық жанкүйерлер үшін де ерекше болды. Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде дебют жасаған алматылық «Қайрат» турнирді 36-шы орында аяқтағанымен, өзіндік ізін қалдырды.
Айта кетерлігі Чемпиондар лигасының биылғы маусымында «Арсеналдың» қақпасына бір голдан артық гол соға алған жалғыз команда алматылық «Қайрат» болды.
Ширек финалда «Қайраттың» топтық кезеңдегі қарсыластары мадридтік «Реал» мен португалиялық «Спортинг» те жарыс жолынан шығып қалды.