76 шетел азаматы есірткімен ұсталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: Polisia.kz
Фото: Polisia.kz

Биыл төрт айда есірткіге қатысты қылмыс жасағаны үшін 76 шетел азаматы ұсталған. Олардың 23-і есірткі сатқан.

Үшеуі аса ірі көлемде есірткі сақтаса, 29-ы контрабандамен айналысқан.  Polisia.kz хабарлауынша, шетелдіктердің есірткі өсіру, жарнамалау және насихаттау фактілері анықталып отыр.  

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, халықаралық ынтымақтастық аясында шет мемлекеттердің бірінде іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды. Ол Қарағанды қаласында синтетикалық есірткі өндіруді қашықтан ұйымдастырған.

«Астанада жалдамалы пәтерде Еуропа елдерінің бірінің 32 жастағы азаматы құрықталды. Ол есірткі жасырумен айналысқан. Одан 1,5 келі синтетикалық және каннабис түріндегі есірткі тәркіленді. Алматы қаласында Шығыс Еуропа елдерінің бірінің 44 жастағы азаматы ұсталып, одан 1,2 кг «A-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді» – деді Елдар Әбдікенов.

Оның айтуынша, Ақтау қаласында көрші мемлекеттердің бірінің 21 жастағы азаматы ұсталды. Күдікті есірткіні жасыру әдісімен таратқан. 30 грамм «мефедрон» тәркіленді.

«Есірткі қылмысы трансұлттық сипатқа ие. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс шетелдік әріптестермен бірлесе жүргізіліп жатыр. Ел аумағы арқылы есірткі өндірісі мен транзитін ұйымдастырудың кез келген дерегі заң аясында қатаң түрде тоқтатылатын болады», – Елдар Әбдікенов.

Мұның алдында Ішкі істер министрлігі синтетикалық есірткі өндіретін 10 зертхана мен 24 фитозертхана тапқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз