Қай өңірдің шенеуніктері жоғары жалақы алады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қандай шенеуніктер 1 млн теңге жалақы алады /Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның мемлекеттік басқару саласында ең жиі кездесетін жалақы небәрі 223 мың теңгені құрайды. Бұл – ел астанасындағы номиналды жалақы көрсеткішінен (618 мың тг) үш есе аз сома. Finprom.kz жазуынша, шенеуніктердің кірісіне қатысты диссонанс тек лауазымға ғана емес, жұмыс істейтін өңірі мен мекемесіне тікелей байланысты.

Мемлекеттік қызметшілердің әл-ауқатын салыстыру үшін Ұлттық статистика бюросының өткен жылғы есебіне көз жүгіртсек, өңірлер арасындағы алшақтық бірден көзге түседі.

Мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы орташа айлық номиналды жалақы бойынша Астана қаласы көш бастап тұр. Елордалық шенеуніктер орташа есеппен 618 мың теңге табыс табады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен (372,2 мың тг) 66%-ға артық.

Екінші орында Алматы қаласы тұр, мұндағы көрсеткіш – 418 мың теңге. Бұл екі мегаполистің алда болуы да заңды. Өйткені ірі республикалық және ведомствоаралық мемлекеттік органдардың басым бөлігі осы қалаларда шоғырланған.

Жоғары табысты аймақтардың бестігіне Қызылорда (373,8 мың теңге), Алматы (357,5 мың теңге) және Ақмола (349,4 мың теңге) облыстары да енді.

Ал рейтингтің ең соңында Жамбыл облысы тұр. Мұндағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы небәрі 301,9 мың теңге. Шымкент қаласы (317,2 мың теңге) мен Павлодар облысы да (324,8 мың теңге) төменгі көрсеткіштер қатарында.

Сандар сиқыры

Сырт көзге шенеуніктердің жалақысы жыл сайын өсіп жатқандай көрінуі мүмкін. Статистика 2020-2025 жылдар аралығында номиналды жалақының жыл сайын 8%-дан 26%-ға дейін артқанын растайды.

Алайда инфляция факторын ұмытпаған жөн. Мәселен, былтыр номиналды жалақы 10,2%-ға өскенімен, нақты жалақы (инфляцияны есепке алғандағы сатып алу қабілеті) өспеген, керісінше 1,1%-ға төмендеген.

Демек мемлекеттік сектор қызметкерлерінің қалтасы қалыңдағанымен, олардың дүкен сөрелерінен алатын тауарлары мен қызметтерінің көлемі азайып отыр.

Қай шенеуніктің табысы 1 миллионнан асады?

Тек өңір емес, шенеуніктің қай сегментте қызмет ететіні де маңызды. Былтырғы дерек бойынша, міндетті әлеуметтік қамсыздандырумен айналысатын мекемелердің мамандары 1 миллион теңгеден астам номиналды жалақы алған. Халықаралық қызметпен айналысатын шенеуніктердің де жалақысы тәуір – 679,8 мың теңге.

Жұмыс деңгейіне қарай жалақы бөлінісінде де үлкен айырмашылық бар. Республикалық мемлекеттік органдардың қызметкерлері 764,1 мың теңге алса, жергілікті атқарушы органдарда (әкімдіктерде) көрсеткіш екі есе төмен – 396 мың теңге. Ал ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің жалақысы республикалық деңгейден үш есе аз, яғни 245,9 мың теңге шамасында.

«Жасырын» жалақы

2025 жылдан бастап статистикалық есептерден әкімдер, министрлер және Парламент депутаттарының жалақысы туралы ақпарат «түсініксіз себептермен» алынып тасталған. Сондықтан сарапшылардың талдауында тек ашық деректер қамтылды.

Мемлекеттік сектордағы ең жоғары жалақы иелерінің көшін сот судьялары бастап тұр. Олардың орташа табысы 1 миллион теңгеден асады. Одан кейінгі орында сапаны бақылау жөніндегі инженерлер (835,5 мың теңге) және тексеру комиссиясының төрағалары (795,6 мың теңге) орналасқан.

Орталық атқарушы органдардың басшылары мен департамент директорлары да жоғары жалақы алатын топқа жатады.

Ал сектордағы ең төменгі төлем техқолдау қызметкерлері (90,4 мың теңге), хатшылар (106,5 мың теңге) және жүргізушілерге (112,9 мың теңге) тиесілі. Бұл санаттар де-юре мемлекеттік басқару саласына жатқызылғанымен, де-факто қатардағы жұмысшы мамандар.

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы енді үш жылдан кейін ғана өсуі ықтимал. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз