Сарапшы зейнетақы жинақтары неліктен құбылып тұратынын түсіндіріп берді

Соңғы уақытта кей қазақстандықтар зейнетақы шотындағы қаражат азайғанын байқап жүр. Бұл инвестициялық табыстың төмендеуі, валюта бағамының өзгеруі және нарықтағы құбылмалылыққа байланысты. Толығырақ Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Әйгерім Ілиясова түсіндіріп берді.
Зейнетақы жинақтарының сомасы неліктен өзгеріп тұрады?
Қаржыгердің айтуынша, инвестициялық табыстың құбылуына байланысты зейнетақы жинақтарының көлемі уақытша төмендеуі мүмкін. Мәселен, Ұлттық банк мәліметінше, тек наурыз айында инвестициялық табыс шамамен 240 млрд теңгеге азайған.
Осы орайда азаматтарда «неге жинақ азайды?» «алаңдатарлық жағдай ма?» деген сұрақтар туындайды.
Әйгерім Ілиясова зейнетақы қаражаты жай ғана сақталмай, инвестицияға салынатынын айтты. Яғни қаражат түрлі қаржы құралдары арқылы жұмыс істеп, табыс әкелуге тырысады. Сол себепті оның көлемі нарықтағы жағдайға байланысты кейде өсіп, кейде төмендеп тұрады.
Зейнетақы жинағының құбылуының негізгі себептері қандай?
Мұндай өзгерістердің басты себебі – валюта бағамы. Ұлттық банк мәліметінше, зейнетақы активтерінің шамамен 40%-ы шетел валютасында инвестицияланған. Теңге әлсіреген кезде мұндай активтердің теңгедегі құны өседі, ал теңге нығайғанда керісінше төмендейді.
«Мысалы, 2025 жылдың қазанында 1 млн доллар шамамен 549 млн теңге болса, 2026 жылдың сәуірінде шамамен 460 млн теңге болды. Тиісінше, теңге нығайғанда портфельдің валюталық бөлігі теңгемен есептегенде «қысқарады», бұл жалпы жинақ сомасына әсер етеді», – дейді сарапшы.
Екінші фактор – қор нарықтарының динамикасы. Акциялардың құны жаһандық жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Оған геосаяси жағдай, экономикалық болжам және салалық трендтер әсер етеді.
Сонымен қатар, нәтижеге инвестициялық стратегия да әсер етеді. Мысалы, Ұлттық банк әдетте тәуекелі төмен, тұрақты саясат ұстанады. Ал жеке басқарушы компаниялар (УИП) кейде жоғары табыс үшін тәуекелі көбірек стратегияларды таңдауы мүмкін. Бұл табысты арттырғанымен, құбылмалылықты арттырады.
«Зейнетақы активтері инвестициялық табыс есебінен қалыптасады, айталық акциялар бойынша дивидендтер, облигациялар бойынша купондық төлемдер, сондай-ақ тұрақты зейнетақы жарналары.
Нәтижесінде жинақ сомасы бірнеше фактордың әсерінен өзгереді: валюта бағамы, нарықтағы жағдай және инвестициялық стратегия», – дейді Әйгерім Ілиясова.
Қорытындылай келе, қысқа мерзімді ауытқулар – инвестициялық процестің қалыпты бөлігі, олар нақты шығынды білдірмейді.
Сонымен қатар, мемлекет инфляция деңгейін ескере отырып зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді.
Айта кетейік, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инвестиция ретінде Таяу Шығысқа 367 млрд теңге салған.