«Қазмырыш» жарылыста қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне 6 млн теңге бөледі

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
«Қазмырыш» басшылығы жарылыста қаза тапқандардың отбасымен кездесті / Фото: ҚазАқпарат

«Қазмырыш» компаниясы Өскемен металлургия кешенінде 5 мамырда орын алған қайғылы оқиғадан кейін қаза тапқандардың жерлеу рәсіміне 3 млн теңгеден бөледі.

««Қазмырыш» ЖШС жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру шығындары үшін қаза тапқандардың отбасыларына 3 млн теңгеден бөлді, бұл қаражат 06.05.2026 жылы таңертең олардың есепшоттарына аударылды», – делінген Шығыс Қазақстан облыстық еңбек инпекциясы департаментінің хабарламасында.

Компания баспасөз қызметі жолдаған ақпаратқа сүйенсек, кәсіпорын басшылығы қаза тапқан екі қызметкердің туған-туыстарымен жеке кездесіп, көңіл айтқан. Кездесу барысында материалдық және әлеуметтік көмек мәселелері талқыланды.

Компания марқұмдардың жерлеу рәсімдерін толық ұйымдастыру және қаржыландырады. Отбасыларға заңды сақтандыру төлемдерінен бөлек, қосымша ірі көлемдегі қаржылай көмек береді. Қаза тапқан қызметкерлердің балаларына Қазақстанның кез келген жоғары оқу орнында білім алу ақысын төлеп бермек.

««Қазмырыш» ЖШС жазатайым оқиғаны арнайы тергеу нәтижелерін күтпестен, 2024-2028 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың 11.3.3-тармағына сәйкес, қаза тапқандардың отбасыларына 10 жылдық еңбекақы мөлшеріндематериалдық және моральдық зиян өтемақысын төлеу туралы шешім қабылдады», – делінген еңбек инспекциясының хабарламасында

Қазіргі уақытта ауруханада жатқан екі қызметкердің жағдайы бақылауда. Оларға сапалы медициналық көмек көрсету үшін елордадан білікті мамандар тартылды. Сондай-ақ, зардап шеккендерге және олардың жақындарына кәсіби психологиялық көмек көрсетілуде.

Естеріңізге сала кетейік, 5 мамыр, сейсенбі күні таңертең Өскемен қаласының өндіріс аймағында орналасқан «Қазмырыш» компаниясы зауытында жарылыс болды. Цехтың 220 шаршы метрі опырылып түскен

Оқиға салдарынан екі адам қайтыс болған. Олардың туыстары азаматтардың қайтыс болғанын кеш естігендерін айтқан еді.

Жарылыстан зардап шеккен бес науқас: төрт ер азамат және бір әйел ауруханаға жеткізілген. Екі адам ауыр хәлде, бірінің беломырқасына зақым келген. Екінші азамат жансақтау бөлімінде жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз