Роман Скляр ERG компаниясында Шұхрат Ибрагимовтың орнын баса ма

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Роман Скляр ERG бас директоры атана ма / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Eurasian Resources Group (ERG) халықаралық тау-кен компаниясының айналасында үлкен өзгерістер лебі сезіле бастады. Financial Times басылымының хабарлауынша, компанияның директорлар кеңесіндегі басшылар құрамын түбегейлі ауыстыру мәселесі дауысқа салынбақ. ERG бас директоры лауазымына Қазақстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Роман Склярдың кандидатурасы ұсынылып отыр.

Директорлар кеңесінің құрамы өзгереді

Financial Times басылымының мәліметінше, ERG-дің директорлар кеңесі жақын арада кезектен тыс жиын өткізіп, компанияның қазіргі басшысы Шухрат Ибрагимовты қызметінен босату және оның орнына Роман Склярды тағайындау мәселесін қарастырады.

Бастаманы Роман Склярдың өзі және Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев көтеріп отыр. Егер шешім мақұлданса, бас директормен қатар қаржы директоры, сату және маркетинг бөлімінің басшысы, сондай-ақ бас заңгер де ауысуы ықтимал. Бұл қадам мемлекеттің стратегиялық маңызы бар кәсіпорынға ықпалын күшейтуге бағытталғандай көрінеді.

Скляр наурызда ERG директорлар кеңесінің құрамына енген болатын.

Акционерлер арасындағы ахуал

ERG-дің құрылтайшылары – «үштік» деп аталатын олигархтардың (Машкевич, Шодиев, Ибрагимов) мұрагерлері қазір компанияның болашағына қатысты ортақ мәмілеге келе алмай отырған сыңайлы.

Бүгінде компания акцияларының 40 пайызы Қазақстан үкіметіне тиесілі болса, қалған 60 пайызы үш негізін қалаушы отбасыға теңдей бөлінген.

Алайда биыл екі отбасы өз үлестерін қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке сатады деген ақпарат тараған.

Бұл мәміленің құны шамамен 1,4 млрд долларға бағаланып отыр. Жаңа инвестор ретінде бой көрсеткен 35 жастағы Шахмұрат Мүтәліп Integra Construction KZ құрылыс тобының иесі және соңғы уақытта тау-кен саласындағы ірі келісімдерге белсенді араласа бастаған.

Пайдалы қазбалардағы «жаңа толқын»

ERG-дегі бұл ауыс-түйіс Қазақстанның тау-кен және шикізат секторында жүріп жатқан ауқымды кадрлық реформалардың бір бөлігі іспетті. Елдегі бұрынғы саяси басшылыққа жақын болған ескі буын біртіндеп жаңа тұлғалармен алмасып отыр.

Компанияның қазіргі басшысы Шұхрат Ибрагимов акцияларды өзі сатып алуға талпынғанымен, қажетті капитал жинай алмағандықтан, бұл бәсекеде жол беруге мәжбүр.

Үкімет тарапынан Шахмұрат Мүтәліптің келуіне және ERG-дің швейцариялық Glencore компаниясымен металл сату бойынша келісімдер жасасуына қолдау бар, бірақ бұл қадамдарға қазіргі басшылық тарапынан қарсылық байқалған.

Әлемдік нарықтағы орны қандай

Бас кеңсесі Люксембургте орналасқан ERG – әлемдегі ең ірі жекеменшік тау-кен топтарының бірі.

Оның активтері Бразилия мен Конго Демократиялық Республикасынан бастап Қазақстанға дейін созылып жатыр.

Мыс, кобальт және феррохром өндірісіндегі көшбасшы компанияда әлем бойынша 60 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Сондай-ақ оқыңыз