Гаражын есірткі қоймасына айналдырған Семей тұрғыны ұсталды

Семей тұрғыны гаражын есірткі қоймасына айналдырып, 154 келі марихуана сақтаған.
Polisia.kz хабарлауынша, мамыр айының басында Семей қаласында елдің оңтүстік өңірлерінен жеткізілген каннабис тобына жататын есірткі арнасы жойылды.
«Жүргізілген тінту шаралары барысында 35 жастағы жергілікті тұрғынның гаражынан жалпы салмағы 154 килограмм болатын аса ірі көлемдегі марихуана анықталып тәркіленді. Есірткі одан әрі Абай облысы аумағында тарату мақсатында целлофан қаптамаларына оралған», – делінген ақпаратта.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар барлық күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ есірткі жеткізу арналарын құрудың кез келген әрекеті қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – деді Бақытжан Әмірханов.
Айта кететін жайт, биыл төрт айда есірткіге қатысты қылмыс жасағаны үшін 76 шетел азаматы ұсталып отыр.