Парламент Құрылтай туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Құрылтай туралы заң жобасы мақұлданды
Құрылтай туралы заң жобасы мақұлданды/ фото: Асқар Ахметуллин

8 мамыр күнгі парламент отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, заманауи Құрылтай – бұрынғы тарихи Құрылтайды қайта құру емес. Қазіргі Құрылтай заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мән-мағынаға ие болады.

Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады. Олар пропорционалды жүйе бойынша сайланып, өкілдік мерзімі 5 жыл болып белгіленеді.

«Заң жобасы Құрылтайдың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызметінің қағидаттарын, құрылымын, қалыптастыру тәртібін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін жүзеге асыру нысандарын айқындайды», – деп түсіндірді Айдос Сарым.

Сондай-ақ, Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылаудың тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреті белгіленеді. Бұдан басқа, заң жобасы Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.

Құжатта Құрылтай – Парламенттің құқықтық мирасқоры болатыны туралы норма бар.

Заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Қайрат Балабиев, Ермұрат Бапи, Марат Башимов және Сергей Пономарев, ал Сенаттан Айнұр Арғынбекова, Нұрлан Бекназаров, Серік Өтешов және Ғалиасқар Сарыбаев кірді. Комиссия төрағасы болып Марат Башимов сайланды.

Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай сайлауына қанша қаржы жұмсалатанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз