Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан суармалы су бойынша маңызды шешім қабылдады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: gov.kz

Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су-энергетика салалары басшыларының келіссөздері өтті. Үш тарап Тоқтоғұл су қоймасынан су жіберудің келісілген көлемдері мен режимдерін бекітті.

Құжат егін науқаны басталған тұста аграршылар арасындағы белгісіздікті сейілтіп, қазақ және өзбек фермерлеріне суару жұмыстарын кедергісіз жүргізуге мүмкіндік бермек. Елдер маусым соңына дейін сумен жабдықтауды тұрақты ұстап тұру үшін кезең-кезеңімен әрекет етуге уағдаласты.

Келісімнің негізі маусымаралық кезеңде қаланды. 2025 жылғы қыркүйек пен 2026 жылғы сәуір аралығында Қазақстан Қырғызстанның энергожүйесіне 1 560 млн кВт·сағаттан астам электр энергиясын жеткізді. Мұндай қолдау көрші елге қыс мезгілінде суды артық шығындамауға мүмкіндік беріп, Тоқтоғұл су қоймасының ресурсын қазіргі ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін сақтап қалуға көмектесті.

Су мәселесі бойынша ведомство басшыларының келесі кездесуі маусым айының ортасында Бішкекте өтеді. Онда тараптар шілде, тамыз және қыркүйек айларына арналған су жіберу көлемдері мен нақты кестелерін түпкілікті бекітіп, құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр.

Мамандардың пікірінше, хаттама аймақтағы мемлекетаралық су-энергетикалық теңгерім тетігінің жоғары тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

2025 жылы күзде Алматыда осындай жиын өтіп, Орталық Азия елдері қысқы электр энергиясы мен су ресурстарын бөлісуге келіскен еді.

Сондай-ақ оқыңыз