Астанада Пайғамбар мұражайы ашылмақ

Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Пайғамбар мұражайы ашылмақшы. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов пен Меккедегі Пайғамбардың халықаралық мұражайы өкілдерімен кездесуінде айтылды.
«Бас консул бұған дейін Дүниежүзілік мұсылман лигасының басшылығымен қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қатысуымен, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында Орталық Азиядағы алғашқы Пайғамбар мұражайын ашу жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті», – деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Меккедегі халықаралық мұражайдың эксклюзивті операторы – Al-Salam Company (ASC). Астанада салынуы керек мәдени нысанның операторы да дәл осы компания болады. Екі тарап арнайы меморандумға қол қойды. Al-Salam Company бас менеджері Файез Кансара бұл бастаманы жоғары бағалап, Қазақстанның мұражайға қатысты осындай келісімге қол қойған алғашқы шет мемлекет болғанын ерекше атап өтті.
Құжатқа сәйкес, қазақ азаматтарына Меккедегі Пайғамбардың өмірбаяны және ислам өркениеті халықаралық мұражайына кіруге жеңілдіктер беріледі. Аталған бастама Мекке мен Мәдина қалаларындағы мұражайдың филиалдарына да қолданылады және шектеулі мерзім ішінде жүзеге асырылады, одан кейін тараптардың қалауы бойынша ұзартылуы мүмкін.
Еске салайық, биыл қажылыққа баруды көздегендер 18 сәуірден бастап Сауд Арабиясына кіре алады. Мұсылмандардың бес парызының бірі – қажылық 18-30 мамыр аралығында өтеді. Бірақ осы жылы қажылыққ бару тәртібі өзгертілді, ол туралы мына жерден біле аласыз.