Алматыда жасөспірімдер болғаны үшін ойын клубы уақытша жабылды

Алматыда ішінде кәмелетке толмаған баланың болуына байланысты PS Tokyo ойын клубы уақытша жабылды, деп хабарлады Polisia.kz.
Рейд барысында полицейлер ойын-сауық мекемесінен жасөспірімді анықтады. Түнгі уақытта кәмелетке толмаған баланың қасында ата-анасы немесе заңды өкілдері болуы тиіс, бірақ ол жалғыз болған.
Тексеру нәтижесі бойынша клуб иесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Қарау нәтижесінде уәкілетті орган нысанның қызметін үш айға тоқтату туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, компания 129 750 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
«Мұндай фактілерге жол беруге болмайды. Заң бәріне ортақ және әрбір ойын-сауық нысанының иесі кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Бұл бағыттағы бақылау жүйелі түрде жалғасады. Мұндай бұзушылықтар бойынша профилактикалық жұмыстар күшейтіледі. Негізгі міндет – тек фактілерді анықтау ғана емес, сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бақылаусыз қалуына және ықтимал қауіп-қатерлерге бой алдыруына жол бермеу», – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.