Көкпардан «Әулие-ата» командасы 16-дүркін ел чемпионы атанды

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Көкпардан «Әулие-ата» командасы 16-дүркін ел чемпионы атанды
«Әулие-ата» чемпион/ фото: Көкпар федерациясы

Талдықорған қаласында 1-9 мамыр аралығында өткен көкпардан ересектер арасындағы XXV Қазақстан чемпионаты аяқталды. Биылғы додаға алғаш рет 19 команда қатысып, ел тарихындағы ең ауқымды жарыс ретінде тіркелді.

19-команда төрт топқа жеребе арқылы бөлініп, алғашқы бес күнде топтық ойындардың көркін қыздырды.

Нәтижесінде топтық кезеңнен сүрінбей өткен 8-команда ширек финалға жолдама алды. Олар Түркістан облысы, Қостанай облысы, Қарағанды облысы, Шымкент қаласы, Алматы облысы, Ақмола облысы, Жамбыл және Жетісу облыстары.

Аталған сегіз команда ширек финалда кездесіп, үздіктері жартылай финалға шықты. Бұл кезеңде Қостанай облысы азулы деген Түркістан облысын жеңіп жартылай финалға өткен еді. Ал, Шымкент қаласы, Жамбыл облысы және Алматы облысы қарсыластарынан басым болып, жартылай финалға жетті.

Жарыстың топтық кезеңінде жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсеткен Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы жартылай финалда Алматы облысының құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.

Ал шешуші кездесуде жамбылдық көкпаршылар Шымкент қаласының командасын 6:0 есебімен ойсырата жеңді.

Осылайша, Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы көкпардан Қазақстан Республикасының 16 дүркін чемпионы атанып, ел спорты тарихындағы жарқын жеңістерінің бірін тіркеді.

Айта кетейік, көкпардан ересектер арасындағы чемпионат 2001 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз