Арыста ағайындылар синтетикалық есірткі шығарған

Түркістан облысындағы Арыс қаласының шетінде орналасқан жеке тұрғын үйлердің бірінде ірі синтетикалық есірткі зертханасы жойылды. Мамырда Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, ағайынды екі адамның есірткі өндірісін тапқан.
Тінту кезінде оқиға орнынан жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон мен 1,5 тонна прекурсор, сондай-ақ реакторлар, колбалар мен магниттік араластырғыштар сияқты арнайы зертханалық жабдықтар табылып, тәркіленді.
Қазіргі уақытта алынған заттарға сараптама тағайындалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр және бұл бап бойынша кінәлілер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін гаражын есірткі қоймасына айналдырған Семей тұрғыны ұсталған еді. Ол 154 келі марихуана сақтаған.