Жақсылық Омарға шыққан үкім апелляциялық сотта қаралады

Алты жылға сотталған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға шыққан үкім апелляциялық сотта қаралады. Бұл туралы сот кабинетіндегі деректерде көрсетілген.
Айта кетейік, бірінші сатыдағы сот істі қысқартылған тәртіппен қарады. Шенеунік алаяқтық жасағаны және пара алғаны үшін 6 жылға сотталған.
Үкімге жәбірленуші тарап пен қорғау тарабы да шағым түсірген.
Жақсылық Омарды қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды. Сотталғанға қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуге немесе күшін жоюға негіз жоқ.
Осылайша қылмыстық іс бойынша апелляциялық сатыдағы сот отырысы 2026 жылдың 20 мамыры сағат 11:00-де өтеді.
Прокуратураның хабарлауынша, сотталған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыға алмайды және рақымшылыққа ілінбейді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандарға жазаны жеңілдету нормалары қолданылмайды.